Қазақстан Халық партиясы Парламентке өтті

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын қорытындылады. Оның деректеріне сәйкес, парламенттің төменгі палатасына 6 саяси ұйым өтті. Қатарында Қазақстан Халық партиясы да бар.

Партиялық тізімдер бойынша есептеулердің соңғы нәтижелерін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жариялады.

– Сайлау қорытындылары анықталып, Парламент Мәжілісінің депутаттары сайланды, – деді ол. – Баршаңызды осы маңызды, мемлекеттік және саяси оқиғамен құттықтаймын!

Сонымен ОСК мәліметтері бойынша, Amanat партиясына 3 431 510 адам дауыс берді (53,9%) және ол Мәжілістен 40 мандат алды. Ал «Ауыл» ХДПП 10,9 пайызбен (693 938 адам) Мәжілістен 8 орын, «Ақ жол» ХДП 8,41% (535 139 адам) – 6 орын иемденді. Қазақстан Халық партиясына 432 920 (6,8%) сайлаушы дауыс беріп, сәйкесінше, 5 парламенттік мандат алды. Тағы 6 мандатты 8,59 пайызбен (547 154) «Respublica» партиясы және 5,2 пайызбен 4 орынды (331 058 адам) ЖСДП алды. «Байтақ» экологиялық партиясы 5% кедергіні еңсере алмай Парламентке өтпеді.

– «Барлығына қарсы» бағанын 3,9% немесе 248 291 қазақстандық сайлаушы таңдады, – деп нақтылады Әбдіров.

Айта кетейік, жаңартылған сайлау заңнамасына сәйкес Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау 2023 жылғы 19 наурызда өткен еді. Дүбірлі додаға барлық тіркелген саяси ұйымдар толық қатысқан еді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy