Қазақстанға тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылауды күшейтуі қажет

Қазақстан Халық партиясы тұтынушылардың құқығын қорғайды. Партиялықтар елге әкелінетін тауардың сапасын анықтайтын зертхана қажет деп санайды.

– Қазақстандықтардың тұтыну құқығы күн сайын және барлық жерде бұзылады, – деді Мәжіліс депутаты Гаухар Нұғманова. – Жыл сайын сапасыз тауарлар мен қызметтерге қатысты шағым саны артып келеді.

Қазақстан нарығында қауіпті өнімнің пайда болуының алдын алу үшін Қазақстан заңнамасы жедел ден қоюдың екі шарасын көздейді: сертификаттаудан өтпеген өнімді және сертификаты жоқ өнімді айналымға шығаруға тыйым салу немесе расталған сынақтардың нәтижесі бойынша қауіпті өнімді тәркілеу.

– Расталған сынақтардың қорытындысы бойынша қауіпті өнімді тәркілеуге негіз болатын зертханалар жоқ, – деп атап өтті Нұғманова. Депутат мысалға Солтүстік Қазақстан облысын келтіріп, бұл жақта мұндай мекемелер жоқтың қасы екенін тілге тиек етті.

– Бұл тек бір өңірдің ғана мәселесі емес, – деп атап өтті мәжілісмен, – мұндай жағдай еліміздің барлық жерінде бар.

Қазақстан Халық партиясы өкілінің пікірінше, елге жанар-жағармай мен антифриздің, тұрмыстық техника мен автокөліктердің қосалқы бөлшектерінің және кабель өнімдерінің сапасын тексеретін зертханалар қажет. Партия республикадағы зертханалардың жұмысы, сонымен қатар осы мәселені шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар жайлы білу үшін Сауда және интеграция министрлігіне жүгінді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy