Қазақстанда 2024 жылдан байлық салығы пайда болады

Қазақстанда 2024 жылдан байлық салығын енгізу тетіктері пысықталуда. Қазақстан Халық партиясы мұны бес жыл бұрын жасауды ұсынған еді.

Бұл бастаманы парламенттік фракция басшысы, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров алға тартқан. Депутаттық сауал қоя отырып, ол еліміздің әл-ауқатының төмендігі табысты бөлу жүйесіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

– Ұлттық табысты бөлу жүйесіне өзгерістер енгізу қажеттілігі туындағанына сенімдіміз – деді мәжілісмен 2017 жылы. – Мұны шектен тыс байлыққа салынатын қосымша салықтар, квазимемлекеттік сектордағы, коммерциялық банктердегі және капиталдың трансшекаралық қозғалысындағы қаржы айналымын бақылауды күшейту арқылы жасау қажет.

Көпшілік ҚХП енгізген ұсыныстарды ұзақ уақыт бойы дұрыс түсінбеді. Алайда, 2022 жылы Қазақстан халқына Жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев байлық салығы қажет екенін айтты.

– Ол қымбат жылжымайтын мүлік объектілерін, көлік құралдарын сатып алу кезінде алынады және орта тапқа әсер етпейді, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Кейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңа Салық кодексінің әзірленгені туралы айтып, мұндай салықты енгізу мерзіміне түсініктеме берді.

– Әзірге біз 2024 жылдан бастап байлық салығын енгізуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Қуантыров.

Министрдің айтуынша, қазір әртүрлі нұсқалар қарастырылуда. Айталық, егер жеке тұлғаның жылжымайтын мүлкі белгіленген шектен асып кетсе, онда жылжымайтын мүлікке қосымша салық салынады. Оның мөлшері активтердің құнына байланысты болуы мүмкін.

– Әрине, бұл салық тек оны төлеуге мүмкіндігі бар ауқатты адамдарға ғана тиесілі, – деп нақтылады Қуантыров. – Бұл оларға артық салмақ болмайды. Байлық салығы, негізінен, қымбат көліктерге, басқа да сәнді заттарға, мүмкін антиквариатқа қатысты болуы мүмкін.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy