Қазақстанда цифрландыру нәтижелі болуы тиіс

Қазақстан Халық партиясының депутаттары цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін сынға алды. 10 жылдан астам уақыт бойы Үкімет республиканың барлық елді мекендеріне байланыс орнатуға уәде берді, бірақ нәтиже жоқ және қолда бар байланыстың сапасы сын көтермейді.

Үкімет сағаты барысында ҚХП депутаты Смайлов атап өткендей, қазақстандық шенеуніктер атқарылған жұмыстар туралы баяндайды, бірақ нәтижесі бойынша пайдаланушылардың пікірлерін ешкім сұрамайды.

– Бүгін министрліктің баяндамасында біз тұтынушылар тарапынан ешқандай баға көрмей отырмыз, – деді ол, – Интернеттің байланыс сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттанған тұтынушылар пікірі маңызды.

Министрлік қызметінің тиімділігі, бағдарламаларды іске асыру және бюджеттік шығын да құпия болып қала береді. – «Цифрлық Қазақстан» және басқа да жобаларда орын алған қателіктер бойынша қандай жұмыстар атқарылды? – деп сұрады мәжілісмен. – Біз бүгін байланыс саласын нөлден бастап қарастырып отырған сияқтымыз!

Жалпы, министр Бағдат Мусиннің сөзін Смайлов «барлық жақсылық үшін, барлық жамандыққа қарсы есеп» деп атады. – Нақты сандар жоқ, – деді депутат. – Көптеген шаралар ұсынылады, ал мұның бәрі қандай қаражат есебінен болады? Ақша қандай көздерден тартылады? Мәжілісмен қазақстандық цифрландыру саласын дамытудың ұзақмерзімді, тұтас стратегиясы қажет деп қорытындылады ойын. Ал әріптесі, ҚХП депутаты Магеррам Магеррамов Үкімет шалғай аймақтарға байланыс орнатуға бірінші жыл уәде беріп тұрмағанын еске салды.

2012 жылдың мамыр айында Мәжілісте сөз сөйлеген сол кездегі Көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев «ҚР 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын» іске асырудың негізгі міндеті – Қазақстан бойынша телефон байланысы және кең жолақты Интернет желісіне қолжетімділікті 100 пайыз қамту екенін айтқан еді. Енді шалғай аймақтарды түпкілікті цифрландыру 2027 жылға созылып отыр.

– Біздің проблемамыз – Министрлер Мәжіліске келіп, мұнда әдемі сөздер айтып, уәде беріп тайып тұрады. Кейіннен оларға міндеттемелерді орындамағаны үшін ешқандай шара қабылданбайды, – деді Магеррамов. – Олар қандай да бір уақыт белгілейді, содан кейін өз қалауы бойынша орындау мерзімін ұзарта береді. Ал біз оның жоспарын қайта тыңдаймыз. Нәтиже жоқ.

ҚХП депутаты мәселеге неғұрлым түбегейлі қарауды ұсынды және шенеуніктерден нақты жұмыс талап ету керек деді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy