Қазақ ұлттық өнер университетінің (ҚазҰӨУ) колледжі мен мектеп-интернатының студенттері адам айтқысыз жағдайда білім алып жатыр. Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутаттар жағдайды көзбен көріп қайтты.
Бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтанудың болмауы, асханадағы қымбатшылық, жұмыс істемейтін жеделсатылар, бөлмелердегі ылғалдылық пен жағымсыз иіс, кеңселердің жетіспеушілігі, дәретханалардағы антисанитарлық жағдай мәселені ушықтырып тұр.
Осы кемшіліктер мәжілісмен Ислам Сұңқардың депутаттық сауалына жүк болды.
– Анықталған бұзушылықтарды түзету жоспарын ұсынуды, Қазақстан Республикасындағы колледждер мен мамандандырылған мектептерді, оның ішінде ҚазҰӨУ колледжі мен мектеп-интернатын ұстауға бағытталған қаражатты жұмсау бойынша соңғы 3 жылдың қаржылық есебі жасауды және қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін жол картасын әзірлеуді талап етеміз, – деді ол.
Мәжілісмен орта және арнаулы орта оқу орындарында тамақтану мен клинингтік қызмет көрсету бойынша тендер өткізу жүйесін тоқтатуды ұсынды. Оның пікірінше, бұл жұмысты штаттық қызметкерлер орындауы керек.