Қазақстандық студенттер несие қақпанына түсіп жатыр. Қазақстан Халық партиясы үкіметті білім алушыларға микрокредит беру мәселесін реттеуге шақырды.
Мәжіліс депутаты Александр Милютин атап өткендей, экспресс-қарыз беретін терминалдар студенттерге ғана емес, жұмыссыздарға да қолжетімді. Қарыз алу үшін 18 жасқа толғаныңызды растайтын құжатыңыз болса жеткілікті.
– Қазір студенттердің жартысы микрокредиттік ұйымдарға (МҚҰ) қарыз, – деп атап өтті Милютин. – Олар қарызды шәкіртақымен, өз беттерінше өтей алмайды. Қарызға өсімпұл қосылады. Белгілі бір мерзім өткеннен кейін МҚҰ ата-аналарға телефон шалып, қарызды өтеуді талап етеді. Мұндай сәтте ата-аналар да тығырыққа тіреледі. Несие студентке ғана емес, оның отбасына салмақ салады. – Бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір жағдайларда жастардың өз-өзіне қол жұмсау фактілері болғаны жарияланды, – деп атап өтті ҚХП депутаты. – Мұндай жағдайға жол беруге болмайды, біз тиісті шара қабылдауды талап етеміз.
Қазақстан Республикасының Қарулы күштері мен әскери құрылымдарына әскери қызметке шақырылған жастардың өтелмеген қарызының болуы алаңдаушылық туғызады. Жас жігіттер егемендікті, аумақтық тұтастықты және мемлекеттік шекарамыздың қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ететін уақытта екінші деңгейлі банктер мен МҚҰ олардың несие берешегін өтеу мерзімін шегермейді. Олардың табыссыз қалуына әскери қызметке шақырылғаны себеп болғаны назарға алынбайды.
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары барлық банктер мен МҚҰ жастардың Отан алдындағы қасиетті азаматтық борышын орындауын ескеріп, олардың қарыз өтеу мерзімін кейінге шегеруді қамтамасыз етуі тиіс деген бастама көтерді. Сонымен қатар қарыз бойынша өсімпұл есептелгенге дейін ата-аналарды балалары алатын қарыз бен несие туралы міндетті түрде хабардар ету қажеттілігі туралы норманы заң бойынша бекітуді және ҚР заңнамасына әскери қызметке шақырылған адамдардың қарызы мен несиесін өтеу мерзімін кейінге қалдыруды ұсыну міндеттілігі туралы норма енгізуді ұсынды.