ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Найля Аппасова, Нұрдәулет Оразханов, Қуат Ерғалиев «Астана-тазалық» ЖШС ұжымымен кездесті.
Спикерлер ең алдымен бас қаланың тазалығын сақтауға үлес қосып жүрген еңбек ұжымына алғыс білдірді. Осыдан соң партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Кездесуде кандидаттар әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Мәселен білім, медицина, қолжетімді баспанамен қамту, жеңілдікпен берілетін несие, азық-түлік бағасының қымбаттауы мен халықтың әлеуетін көтерудің негізгі тетіктері айтылды.
Қазақстан халыққа берілетін несие бизнеске берілетін несиеден асып түсетін санаулы елдердің бірі. Бүгінде борышкерлер несиенің ауыр салмағын көтере алмай, қиналып жүр.
Қазақстан Халық партиясы азаматтардың қарыз жүктемесін жеңілдетуді талап етеді. Бұл партияның сайлауалды бағдарламасында нақты айтылған. Онда: «Біз банктердің пайыздары әділ болғанын қолдаймыз. Артық төлемге жол берілмеуі керек. Қайта есептеу жүргізіп, артық төленген пайыздарды бизнес пен азаматтарға қайтару қажет», – деп жазылған.
Бүгінгі таңда Ұлттық банктің мөлшерлемесін растайтын нақты есеп жоқ және ол ҚР экономикасының қажеттілігін көрсетпейді. Сондай-ақ Халық партиясы – салық салу, несиелеу, әлеуметтік стандарттардағы есептік көрсеткіштер туралы норманы енгізуді және жерге ортақ меншіктің дәстүрлі құқығын қайтару реформасын қолдайды.
Кездесуде спикерлер партияның қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстарын жариялады. Атап өтсек, жастарға тұрғын үй ипотека арқылы 4 пайызбен берілуі керек. Ал ең төменгі жалақы үш адамнан тұратын отбасын асырауды қамтамасыз ету үшін 140 мың теңге болуы тиіс.