Көпвекторлы саясат – тұрақтылық кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда АҚШ астанасы Вашингтонға сапармен барып, Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен кездесті. Мемлекет басшысы сондай-ақ «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысып, Сенат және Конгресс өкілдерімен жүздесті. Енді Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен аттанды.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың пікірінше, еліміздің сыртқы саясаты адамзаттың бейбіт өмір сүру қағидатына, әртүрлі саяси жүйедегі мемлекеттердің өзара сыйластық пен түсіністік арқылы ынтымақтасуына құрылған.

– Қазақстан барлық мемлекетпен өзара тиімді әрі достық қарым-қатынасты дамыту мен нығайту бағытында дәйекті саясат жүргізіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық құқықтың жалпыға ортақ қағидаттары мен нормаларын сақтауды, БҰҰ-ның бейбітшілікті нығайту және халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөлін күшейтуді үнемі қолдап келеді, - деді Мәжіліс депутаты.

1

Магеррам Магеррамовтың айтуынша, Қазақстанның осындай тұрақты және сындарлы сыртқы саясаты халықаралық аренада үлкен сенім мен құрметке ие. Бұл ұстаным Мемлекет басшысының АҚШ-тағы сапары барысында, Дональд Трамппен екіжақты кездесуде және С5+1 форматындағы саммит кезінде де айқын көрінді.

– Орталық Азия елдерінің АҚШ-пен бірлескен өзара іс-қимыл форматының мәні зор. Менің ойымша, Қазақстан бұл тұрғыда аймақ елдерінің бірлігі олардың әрқайсысының және ортақ мүдделеріне сай келеді деп есептейді. Мұндай тәсіл өңіріміздегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға қызмет етеді, - деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ депутат Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуын оң бағалады.

– Бұл қадам халықаралық шиеленісті бәсеңдету мен жаһандық тұрақтылықты арттыруға ықпал етеді деп санаймын. Түптеп келгенде, барлық даулы және тарихи мәселелер бейбіт жолмен шешілгені дұрыс. Мемлекеттер өз артықшылығын қару күшімен емес, экономикасының серпінді дамуымен, ғылым мен мәдениеттегі жетістіктерімен, халқының өмір сапасымен дәлелдеуі қажет, - деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy