Билік халыққа тиесілі

9 наурызда Халық партиясының өкілдері «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ ұжымына сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Олар Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Нұрдәулет Оразханов пен Рустам Исаев және мәслихат депутаттығына үміткер Азамат Әбдірахманов пен Мұхтар Смағұлов.

Спикерлер Халық партиясының қандай саяси-әлеуметтік өзгерістер үшін күресіп жатқанын айтты. Қазақстанға ең алдымен ықпалды Парламент пен елдегі нақты жағдайды айқындай алатын халықтық Үкімет керек. Халық аудандық соттар мен әкiмдердi сайлауы тиіс. Егер олар өз мiндеттерiн атқара алмаса, онда мандатты қайтарып алуға болады. Партияның негізгі ұстанымы – Билік пен байлық халыққа тиесілі.

– ҚХП сонымен қатар әйелдердің зейнет жасын төмендетуді, ең төменгі жалақыны 140 мың теңгеге дейін көтеруді, тегін білім беру мен денсаулық сақтау саласын халыққа қолжетімді етуді жақтайды, – деді Нұрдәулет Оразханов.

МӘМС енгізу үмітті ақтамады. Дәрігерге қаралу үшін халық әлі ұзын-сонар кезек күтеді. Жалпы алғанда медицинада сын мен шағым көп. Дәрігерге көрінудің өзі мұң. Ал дерт дендеп барады. Науқастар амалсыз жеке кленикаларды жағалап жүр. Бұл халық үшін медицинаға екі мәрте ақша жұмсау болып табылады.

Рустам Исаев азаматтардың қаржылық жағдайы айтарлықтай нашарлағанын атап өтті. Ол Халық партиясы кедейшілікпен күрес туралы заң әзірлеуді талап ететінін айтты.

Ал Азамат Әбдірахманов Халық партиясы «Мықтыларға – жұмыс! Мұқтаждарға – қамқорлық!» деген ұстаныммен әлеуметтік салаға да баса назар аударып отырғанын атап өтті. Ол үкіметтен көпбалалы аналар мен толық емес отбасы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсетуді талап ететінін жеткізді.

Кездесуде партия өкілі Мұхтар Смағұлов жол, ауыз су секілді инфрақұрылымдық бағыттағы қордаланған проблемаларды тілге тиек етті.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy