Білім баршаға қолжетімді болуы тиіс

Қазақстан Халық партиясының Астана қалалық филиалы «Мүгедектігі бар студенттерге арналған орта арнаулы және жоғары оқу орындарына қолжетімділік мәселесі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға ҮЕҰ өкілдері, әлеуметтік қорғау басқармасы мен білім департаментінің басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, ҚХП еріктілері мен белсенділері қатысты.

Жиынның модераторы, ҚХП атынан сайланған мәслихат депутаты, «Spina Bifida Қоғамы» ҚҚ төрағасы Арайлым Құмаржанова атап өткендей, дөңгелек үстелдің мақсаты мүгедек адамдардың орта техникалық және жоғары білім алу кезіндегі мәселелерін талқылау болды.

– Біз колледждер мен жоғары оқу орындарының осындай студенттерді қабылдауын сонымен қатар оқытушылар мен мамандардың мүмкіндігі шектеулі студенттерді оқытуға дайындығын сөз етіп отырмыз, – деп нақтылады А.Құмаржанова.

Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының статистикасы бойынша, бүгінгі күні елордада 33 колледж жұмыс істейді. Оның 9-ы мемлекеттік, 24-і жекеменшік.

– Колледждердегі өзекті мәселе – лифті мен пандустың жоқтығы, – деп атап өтті пікірталасқа қатысушылары, – Бұған қоса ерекше студенттермен жұмыс істейтін мұғалімдерге, әлеуметтік педагогтар мен тьюторларға арналған әдістемелік құрал тапшы. Жалпы, мұндай оқушыларға білім беретін мамандар жоқтың қасы.

«Ана құшағы» ҚҚ басшысы Алтынай Жолдабекова инватакси санын арттыру, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар білім алушыларды тасымалдау шарасын ұйымдастыру қажеттігін айтты.

Autism Kazakhstan Ұлттық қауымдастығының төрағасы Нұрия Балтабайқызы педагогтардың ментальді ауытқушылығы бар балалармен жұмыс істеуден қорқатынын тілге тиек етті.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Қайкенов жағдайды анықтауға көмектесуге уәде берді.

– Бүгін біз басқарма басшыларының ынтымақтастыққа дайын екеніне көз жеткіздік. Колледж басшылары ерекше студенттерді оқытуға қолайлы жағдай жасау үшін білім ордаларын дамытуға және жұмыс істеуге дайын, – деп түйіндеді іс-шараны модератор. – Біз өз тарапымыздан жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың мәселесін шешу мақсатында өзекті мәселелерді қозғай береміз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy