6 наурызда Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Балжан Досмұхамбетова «Тағылым» ЖШС ұжымымен кездесті. Спикер білім саласының қызметкерлеріне Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Елімізде талантты жастар көп болғанымен білім алу мүмкінді төмен. Қарапайым отбасының балалары үшін жоғары және орта арнаулы оқу орыны қолжетімсіз ал, элиталы топтың балаларына өте оңай.
Ауылдық жердегі жастардың ата-аналары үшін баласының оқу ақысын төлеу қиындық туғызады. Олар кемінде бір баласын оқытса да жылдар бойы несие төлеп отырады.
– Халық партиясы – барлық жастардың орта арнаулы және жоғары білім алуы тегін болуды қолдайды. Тегін және қолжетімді білім қоғамдағы әлеуметтік алшақтықты азайтады, – деді Балжан Досмұхамбетова.
Оның айтуынша, мемлекет жастарға инвестиция салуы керек. Халық неғұрлым сауатты, білімді болса, ел де соғұрлым жақсы болады.
Кездесуде жастарды қолдау және зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі айтылды. Халық партиясы жастарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын қабылдауды талап етеді. Сонымен қатар, студенттердің шәкіртақысын арттыруды да қолдайды.
Мемлекет студенттерді тегін жатақханамен қамтамасыз етуі керек. Бұл мүмкін болмаған жағдайда, мемлекеттік және мемлекеттік емес оқу орындарының студенттеріне айына 77 777 теңге көлемінде өтемақы белгіленуі тиіс. Бұл мемлекеттің жастарға қосқан үлесі болмақ.