Біздің ең басты құндылығымыз – этносаралық келісім мен ұлт бірлігі

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясы өтті. Жиынға Үкімет мүшелері, Мәжіліс депутаттары, оның ішінде Қазақстан Халық партиясының өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде Ассамблея елді саяси жаңғыртуда және жалпыұлттық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарғанын атап өтіп, оның қатысушыларына еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

– Еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс.

Президент бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою қажет екенін айтты.

– Еліміздің әрбір азаматы өз сөзі мен әрекеті үшін жауап беруге тиіс. Эмоцияға бой алдырып, сырттан таңылған алауыздық пен өшпенділіктің жетегіне еруге болмайды. Өзгенің ақпараттық соғысы мен идеологиялық дауының бізге қажеті жоқ, – деді Қ.Тоқаев.

Президент плюрализмді құптайтынымызды, алайда радикализмге жол берілмейтінін мәлімдеді.

– Ақпараттық кеңістігімізде және қоғамда достық пен татулық, сындарлы диалог пен адами қарым-қатынас рухы салтанат құруға тиіс. Қазақстан үшін бұл ойдан шығарылған немесе жасанды ұғымдар емес. Бұл – біздің тарихымыз, бүгінгі тіршілігіміз, ең бастысы, келешегіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев қоғамда түрлі жалған ақпарат немесе фейктер мен деструктивті жарияланымдар айтарлықтай көбейгенін, оның басым бөлігінде авторлардың Қазақстанға түк қатысы жоқ екенін, әлдекімдер шетелде отырып, біздің қоғамға ірікті салғысы келетінін айтты.

– Олардың сөзі мен әрекеті адамдар арасындағы сенімге селкеу түсіріп, алауыздықты қоздыруға, мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келтіруге бағытталған. Осындай жайттарды ескерсек, қылмыстық және тұрмыстық сипаттағы кез келген оқиға теріс пиғылды адамдардың кесірінен этносаралық жанжалға айналуы және оның салдары ауыр болуы мүмкін. Сіздер оны жақсы білесіздер. Сондықтан жауапкершілігі бар азамат ретінде радикализм, экстремизм және сепаратизмнің кез келген түріне қарсы тұруға тиіспіз. Бұл орайда абай болған жөн. Бірақ қаталдық та керек. Түптеп келгенде, әділ болу қажет, – деді Президент.

ҚХП фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов елімізде қалыптасқан этносаралық келісім мен ұлт бірлігі – біздің ең басты құндылықтарымыздың бірі екенін атап өтті.

– Президент өз сөзінде келісім мен бірлікті сақтау маңызды міндет болып қала беретінін атап өтті. Бұл – Қазақстан ұлтаралық келісім мен ұлт бірлігіне басымдық беруді үздіксіз жалғастырады деген сөз, – деді М.Магеррамов.

М. Магеррамов Президенттің қазақстандықтардың арасына іріткі салуға бағытталған арандатушылыққа ымырасыз күрес жарияланатыны туралы кесімді пікірін оң қабылдағанын жеткізді.

– Өзге елдердің тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, ұлтаралық қатынастың нәзік қылы түйіншекке айналып шыға келуі мүмкін, – деді депутат. – Бізге елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтау қажет. Бұдан басқа жол, ақылға қонымды балама жоқ.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy