Ақбөкендерді кем дегенде келесі жылдың соңына дейін атпау керек. Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді. Қазақстан Халық партиясы мұндай шешімді жан-жақты қолдайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Экология министрлігі ақбөкендердің санын ату арқылы реттеуді ұсынған болатын. Ең қарапайым есептеулер бойынша, ақбөкендердің «биологиялық тәркіленуі» бірнеше ондаған мың бас болуы керек еді. Шенеуніктер бұл әрекеттеріне жануарлардың шамадан тыс көбеюі салдарынан көші-қон кезінде егінді бүлдіруі әрі жергілікті фермерлердің шаруашылықтарына зиян тигізуде деп ақталған еді.
Қазақстан Халық партиясы министрдің мұндай жасанды әдісіне үзілді-кесілді қарсы шықты. Партия пікірінше, бұл тәсіл қоршаған ортаға және оның биоәртүрлілігіне елеулі зиян келтіріп, аймақтың экологиялық тепе-теңдігін бұзып, ақбөкен популяциясын қайтадан жойылу шегіне жеткізеді. Сондай-ақ, браконьерлердің «жіпсіз байланған қолдарын шешіп», ақбөкен мүйіздерін заңсыз сатып алушылардың мүмкіндігін кеңейтеді, елдің халықаралық имиджіне теріс әсер етеді. Партияластар мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, басқа да нұсқаларды іздеуді талап еткен еді.
– Бізде артық ақбөкендер жоқ, – деп атап өтті сол кезде Мәжіліс депутаты, эколог Айжан Сқақова. – Келесі мәселе бізде ақбөкендер үшін жер жоқ. Сұрақ осы жануардың сапалы өмір сүруі үшін экожүйені құру туралы. Жануарлардың табиғи көші-қоны үшін жерді босату туралы мәселені шешу немесе фермерлерге ақбөкендердің көші-қон жолынан сәл жылжып, тәуекелдерді азайту үшін субсидиялар беру. Біз осындай кең жерге ие бола отырып, ештеңе жасамаймыз…
Алайда, қазақстандық ақбөкендерді жақсы жаңалықтар күтіп тұрған сияқты. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, 2023 жылдың соңына дейін ақбөкендерді ату жүргізілмейді.
– Бүгін біз ақбөкендерді атуға мораторийді ұзарту туралы ұсыныспен ақпарат жібердік, – деді ол. – Егер біздің ұсынысымызға қолдау көрсетсе, 2023 жылдың соңына дейін ақбөкендерді атуға тыйым салынады.