1 наурызда қазақстандықтар Алғыс айту күнін атап өтті. Осы күні Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосып жүрген азаматтардың барлығына ризашылығын жеткізді.
Мәжіліс депутаты бұл күннің өзі үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Алғыс айту – жай ғана ресми рәсім емес, – деді К.Сейтжан. – Бұл – бір-бірімізбен қатар өмір сүріп жатқанымызды мойындау. Қазақстан – түрлі этностың, мәдениет пен тағдыр иелерінің ортақ үйі. Біздің күшіміз – бірлікте.
Парламентарий мүгедектігі бар адамдардың мәселесі ортақ күш-жігермен шешілуі тиіс деп санайды. Оның айтуынша, мәселе әлеуметтік әділдік орнату, тең мүмкіндік беру және адамның қадір-қасиетін құрметтеу арқылы шешіледі.
– Әртүрлі ұлт өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік құрылымдар және азаматтар қолжетімді орта қалыптастыру арқылы, нақты іспен алғыс білдіре алады, – деп атап өтті Кенжеғұл Сейтжан.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат пандус орнатып, заңнаманы жетілдіріп, мамандарды оқытып, жұмыс орындарын ашып, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетіп жүрген барша қазақстандықтарға алғыс айтты.
– Адамды диагнозы арқылы емес, тұлға ретінде көре білетін жандарға рахмет! – деді К.Сейтжан. – Қоғам мүшелерінің тең мүмкіндіктер туралы айтып қана қоймай, оны іс жүзінде жүзеге асыра алатынына сенемін. Қазақстанды өзара құрмет пен адамдардыңмқадір-қасиеті жоғары бағаланатын елге айналдыруға үлес қосып жүрген әрбір азаматқа алғыс айтамын.
@halyk_partiyasy