Алатау қаласына арнайы мәртебе беру туралы Конституциялық заң бүгін Парламентте екінші оқылымда қабылданды. Қазақстан Халық партиясының депутаты, «JAS ORTA» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқардың пікірінше, бұл жастар үшін жаңа мүмкіндік ашады.
Заң халықаралық инвестициялар, технологиялар және логистика хабын құруды көздейді, сондай-ақ ерекше салықтық және құқықтық тәртіп енгізуді қарастырады. Яғни, инвестиция тартылып, капитал ағыны жоғары технологиялық өндірістік кластерлерді дамытуға басымдық беріледі.
– Негізгі пайда – инвестиция ағынының артуы, – деді мәжілісмен. – Алатауды Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар нысан ретінде ғана емес, сонымен қатар ел экономикасының жаңа өсу нүктесі ретінде қарастыру қажет. Бұл экономиканы диверсификациялауға да ықпал етеді.
Депутаттың айтуынша, Алатауда жаңа басқару шешімдері енгізіледі. Қаланың жоғарғы басқару органы – қалалық кеңес болады. Атқарушы орган – әкімшілік. Әкімнің рөлі де өзгереді: ол сити-менеджер қызметін атқарып, қабылданған шешімдердің орындалуына жауап береді. Сонымен қатар қалалық шаруашылық, абаттандыру, инженерлік-көлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым салалары бойынша және қоғамдық қауіпсіздік жүйесі секілді деректерді қамтитын бірыңғай цифрлық платформа құрылады.
– Бұл артықшылықтардың әрқайсысын еліміздің басқа өңірлерінде де қолдануға болады, – деді И. Сұңқар. – Яғни, «Алатау» жобасы экономиканы әртараптандыруға және жаңа басқару шешімдерін кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.
Құжатта кәсіпкерлік қызметті жүргізудің ашықтығы мен қолайлылығын қамтамасыз ететін барлық тетіктер қарастырылған. Нәтижесінде, жедел дамитын қала ретінде Алатау экономика, басқару және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру тұрғысынан маңызды өсу нүктесіне айналады.
– Менің ойымша, жастар бұл жобаны белсенді қолдайды, – деп түйіндеді И. Сұңқар. – Қазір Қазақстанда креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Алатауда да осы салаға ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан жастарға өз әлеуетін жүзеге асырып, ел игілігі үшін еңбек етуге үлкен мүмкіндік беріледі.
@halyk_partiyasy