Дамудың құны

Қазақстанға жаңа, теңгерімді экономикалық саясат қажет. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке инфляция деңгейін ақылға қонымды әрі ұтымды межеге дейін төмендетуді, сондай-ақ экономиканың қол жеткізген өсу және даму көрсеткіштерін жоғалтпай, бюджет шығыстарын оңтайландыруды тапсырды.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы қалыптасқан қолайсыз жағдайды шұғыл түрде өзгертіп, үш жыл ішінде инфляцияны төмендету бойынша нақты шара қабылдауды талап етті.

– Бірлескен іс-қимыл бағдарламасының сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажет, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. – Нәтиже ретінде халықтың нақты табысының өсуіне алып келетін нақты көрсеткіштер ғана мойындалады.

Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқардың пікірінше, Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуына қатысты өте маңызды басымдықтар айқындалды.

– Біз басты мақсат – еліміздің әлеуметтік-экономикалық және халықаралық әлеуетін күшейту екенін түсініп отырмыз, – деді мәжілісмен. – Сондықтан бізге тұрақты өсімді қамтамасыз ететін жан-жақты, ойластырылған әрі салмақты экономикалық саясат қажет. Мұндай модельдің түпкі нәтижесі, әрине, азаматтардың табысын арттыру мен экономиканы дамыту болуы тиіс.

Әзірге елдің экономикалық дамуын инфляция «жұтып» қойып жатыр. Салдарынан азаматтар оның нәтижесін сезіне алмай келеді.

– Аймақтардағы сайлаушылармен кездесу барысында ең жиі көтерілген мәселе – бағаның өсуіне қатысты болды, – деді И.Сұңқар. – Сондықтан Президенттің инфляция мәселесіне арнайы тоқталуы – орынды шешім.

Бүгінде инфляция екі таңбалы көрсеткішке жетіп отыр, ал Ұлттық банк белгілеген мақсатты деңгей шамамен 5% құрайды.

– Қазір жүргізіліп жатқан барлық экономикалық реформалардың басты мақсаты – экономикалық дербестікке қол жеткізу, – деп атап өтті мәжілісмен. – Бірақ мұның бәрі азаматтардың табысының артуына, елдегі өмір сүру деңгейінің көтерілуіне әкелуі тиіс. Мұны Қазақстанның әрбір азаматы – елорда да болсын, ең шалғай ауылда болсын – өз өмірінде сезінуі керек. Тек сонда ғана біз қажетті нәтижеге жеттік деп айта аламыз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy