Мереке күндері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасап, табиғатты аялауға және тазалық пен тәртіп эстафетасына белсенді қатысуға шақырды. Наурызнама онкүндігін мерекелеу кезеңінде ұйымдастырылған еліміздегі «Тазару күні» аясында ауқымды экологиялық акция басталды. Бұл шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын іске асырудың жаңа кезеңіне баста болады.
Мемлекет басшысының пікірінше, қоғамның жаңаруы – табиғаттың жаңаруымен тығыз байланысты.
– «Мөлдір бұлақ» бастамасы еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылады. Жоба аясында табиғи бұлақтар, жағалау аймақтары мен су айдындары тазаланады, – деп еске салды Қасым-Жомарт Тоқаев. – Ағаш отырғызу, аулаларды, саябақтар мен скверлерді тазарту жұмысы жалғасады. Азаматтарымыздың экологиялық мәдениетті таңдауы, ресурстарды ұтымды тұтынуы артып келеді. Бұл – жарқын болашақтың кепілі. Баршамыз бірлесе отырып, еліміздің даму жолында жаңа белеске жетіп, Әділетті, Таза, Прогрессивті Қазақстан құра аламыз деп сенемін.
Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары бұл бастаманы белсенді қолдауда. Фракция жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, дәл қазір жаңғырған қоғамда экологиялық мәдениет пен адами құндылықтардың жаңа әрі маңызды бағдары қалыптасуда.
– Біздің, қазіргі ұрпақтың алдында тарихи маңызды міндет тұр. Ол – жаңа мінез-құлық мәдениетінің және жаңа құндылықтар жүйесінің берік негізін қалау, – деп атап өтті мәжілісмен. – Тазалық – Әділетті және Прогрессивті Қазақстан халықтық идеологиясының негізгі тірегі.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат, Мәжілістің экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Кенжеғұл Сейтжан бүгінгі таңда елімізде экология мәселесі күн тәртібі жүйелі түрде қойылып келе жатқанын атап өтті.
– Әңгіме акция ұйымдастыру туралы емес, мәдениет қалыптастыру туралы болып отыр. Бұл іс «Таза Қазақстан», «Мөлдір бұлақ» сияқты бастамалар, сондай-ақ Конституцияда табиғатқа ұқыпты қарау қағидатын бекіту арқылы жүзеге аспақ, – деді К. Сейтжан. – Бұл – маңызды өзгеріс. Өйткені кез келген бастама тек күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналғанда ғана нәтиже береді.
Мәжіліс депутаты, ҚХП «JAS ORTA» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар жаңа Халықтық Конституция қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қажеттігін айқындайтынын айтты.
– «Таза Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасының мәні тек көшелер мен аулаларды таза ұстаумен шектелмейді, – деп түйіндеді И. Сұңқар. – Бұл – бастама Жаңа Қазақстан азаматтарының ниетінің тазалығымен біте қайнасады.
@halyk_partiyasy