
Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттар әзірлеген Цифрлық кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттың басты мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекет ретінде дамытуға құқықтық негіз қалыптастыру.
Жаңа кодекс цифрлық кеңістіктегі қатынастарды, цифрлық үкіметтің жұмыс қағидаттарын, онлайн қызмет көрсету тәртібін, цифрлық қолжетімділік пен мемлекеттік ақпараттық жүйелердің циклін реттемек. Сондай-ақ, цифрлық жүйелердің интеграциялық және сервистік модельдері белгіленіп, бюджет шығынын тиімді жұмсау мен инфрақұрылымның қайталануына жол бермеу көзделген.
Құжатта аутентификация мен идентификацияның құқықтық режимі күшейтіліп, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) жалғыз заңды қолтаңба түрі ретінде сақталады. Сонымен қатар, цифрлық растау ұғымы енгізіледі. Кодексте цифрлық ортада құжаттардың әртүрлі форматта – электрондық, цифрлық және цифрлық дерек түрінде айналымын қамтамасыз ететін ұғымдар нақтыланған. Бұдан бөлек, смарт-келісімшарттардың (smart contract) құқықтық мәртебесі бекітіліп, ол енді міндеттемелерді орындаудың заманауи тетігі ретінде қарастырылған.
– Бұл заң жобасы цифрлық экономиканы дамыту мен азаматтардың құқықтарын цифрлық кеңістікте қорғауға арналған тиімді құқықтық база құруға бағытталған, – деді құжатты әзірлеген депутаттар.
ҚХП депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан цифрлық ортада инклюзивтілік қағидатын енгізудің маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, инклюзия нормалары қосымша нормативтік актілерде емес, кодекстің өзінде нақты жазылуы тиіс.
– Біз инклюзия жай сөз жүзінде емес, іс жүзінде іске асуы үшін бірқатар түзету енгіздік. Мемлекеттік органдарға айтарым – цифрлық технологиялар арқылы мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктерін ашуға болады және бұл бағытты дамыту қажет, – деді депутат-омбудсмен.
Өз сөзінде Кенжеғұл Сейтжан өзін мысалға келтірді. Ол көзі нашар көретін жан ретінде депутаттық қызметін атқару үшін жасалған жағдайлар туралы айтты – мысалы, қазақ тілінде мәтінді дыбыстайтын арнайы жүйе орнатылған. Алайда, өкінішке қарай, бұл технологиялардың барлығы шетелдік өнімдер.
Соған сәйкес, депутат ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне осы бағытта отандық құрылғылар мен бағдарламалар әзірлеуді қолға алуды ұсынды.
@halyk_partiyasy