Әлеуметтік саланы цифрландыру қажет

Астанада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Мемлекет басшысы еліміздің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде сөз сөйлеп, министрліктерге жаңа технологияларды пайдалану арқылы болашаққа бағытталған негізгі міндеттерді айқындауды жүктеді.

Президент әлеуметтік саланы цифрландыруды аса маңызды міндеттердің бірі деп белгіледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл салаға республикалық бюджет шығыстарының шамамен 40 пайызы (39,8%) бағытталды. Алайда Мемлекет басшысы дипломатиялық түрде атап өткендей, бұл қаражаттың тиімді пайдаланылуына қатысты сұрақ бар. Мұның айқын мысалының бірі – денсаулық сақтау саласындағы жағдай.

– Салалық министрліктердің көз алдында ауқымы шектен шыққан, бұрын-соңды болмаған батылдықпен жасалған алаяқтық схемалардың жүзеге асырылғаны таңғалдырады, – деп жуырдағы жанжалды еске салды Президент. – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған есеп жүргізуге және деректерді бұрмалауға қатысты олқылық анықталды. Бас прокуратура мен тиісті құқық қорғау органдары ұрлық фактілеріне қатысы бар барлық тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуы тиіс.

Қазақстан Халық партиясы бірнеше жылдан бері отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелерді көтеріп келеді.

– МӘМС жүйесінің абсолютті ашықтығын қамтамасыз ету қажет, – деді Президенттің бастамасына қолдау білдірген ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов. – Өткен жылдың соңында біздің фракция осыған ұқсас мәлімдеме жасаған болатын. Біз Үкіметтен азаматтардың сақтандыру жарнасы ретінде төлейтін қаражатының қозғалысын ашық әрі айқын бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық тетік әзірлеуді талап еттік.

1

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы ішкі өнімнің шамамен 40% және негізгі капиталға салынған инвестициялардың 70% шағын және орта бизнеске тиесілі екенін атап өтті.

– Алайда қазір жетістікке қуанатын уақыт емес, – деді Президент. – Жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және қолайлы орта қалыптастыру бағытында айтарлықтай күш-жігер жұмсалғанына қарамастан, қолданыстағы тәсілдер қазіргі заманның талабына сай емес екені белгілі болып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік қолдау технологиялық деңгейіне және бизнестің санатына қарай саралануы тиіс. Шағын бизнесті қолдау атаулы әрі тиімді болып, «жанбағу режимінен» тұрақты өсімге көшуге ынталандырылуы тиіс. Ал шикізаттық емес секторда даму әлеуеті жоғары орта бизнесті қолдау дайын өнімді өткізу нарығының ауқымын кеңейтуге ықпал етуі керек.

– Үкіметке «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 1 сәуірге дейін әрбір кәсіпкерге тікелей смартфон арқылы қолжетімді болатын бірыңғай цифрлық экожүйе құра отырып, ШОБ-ты қолдау саясатын толыққанды қайта жүктеу жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

2

Магеррам Магеррамовтың пікірінше, бұл жолы шенеуніктерге үнсіз қалу мүмкін болмайды.

– Ел Президенті Үкіметті нақты жағдайға сүйеніп жұмыс істеуге, мәселелерді жай ғана талқылап қоймай, нақты іспен айналысуға шақырды, – деп түсіндірді мәжілісмен. – Тек жоғарыдан берілген нұсқаулар мен тапсырмаларды орындауға бейімделу нәтиже бермейді. Бұл тәсіл дамуды тежейді. Ал мұндай жағдайда ешбір тетік тиімді жұмыс істемейді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy