Мәжіліс Қазақстан мен Австрия арасындағы реадмиссия туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады. Құжатқа 2025 жылғы 28 ақпанда Астанада қол қойылған.
Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтің айтуынша, келісімнің мақсаты – екі елдің аумағында ұлттық заңнама талаптарын бұзып жүрген тұлғаларды реадмиссиялау және транзиттеу саласындағы ынтымақтастыққа құқықтық негіз қалыптастыру.
– Құжатта тараптардың бір-біріне заңсыз мигранттарды және мемлекеттердің бірінің аумағында болу немесе тұру талаптарына сәйкес келмейтін тұлғаларды қайтару тәртібі мен нақты мерзімдері айқындалған, – деді С. Әділов. – Сондай-ақ азаматтарды қабылдау, беру және транзиттеу кезінде тек екі елдің азаматтарына ғана емес, үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты бірлескен іс-қимыл тәртібі белгіленген.
Алайда Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова ынтымақтастықтың қаншалықты тиімді болатынына қатысты сауал қойды. Қазақстанда e-GOV электрондық платформасы негізінде тұлғаны сәйкестендіру қызметі белсенді қолданылуда, бірақ біздің цифрлық құжаттар басқа елдерде мойындалмауы мүмкін.
– Мысалы, азаматтарымыздың цифрлық паспорттарын Австрияда тану перспективалары қандай? – деп нақтылады Мәжіліс депутаты. – Олар Австрияның көші-қон немесе құқық қорғау органдарында, реадмиссия рәсімдерінде заңды күшке ие бола ала ма? Жалпы, қай елдермен цифрлық құжаттарды өзара тану мәселесі реттелген?
Вице-министрдің айтуынша, электрондық құжаттар қазірдің өзінде реадмиссия үдерісінде сәтті қолданылып келеді.
– Бүгінде олар бізге паспорттарын жоғалтқан тұлғалардың азаматтығын анықтауға мүмкіндік беріп отыр, – деп түсіндірді С. Әділов. – Бұл жағдайда әңгіме өз азаматтарымыз туралы болып отыр.
@halyk_partiyasy