«Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға өзгеріс енгізіледі

dep.jpg

Парламент Мәжілісі депутаттар бастамашылық еткен газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелеріне арналған жаңа заң жобасына енгізілген түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Тиісті өзгерістер «Мемлекеттік мүлік туралы», «Газ және газбен жабдықтау туралы», «Табиғи монополиялар туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарға енгізіледі.

Заң жобасын таныстырған депутат Еділ Жанбыршин құжатта ішкі нарықта газды өткізу кезінде цифрландыруға және газ есебінің ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылғанын айтты. Оның сөзінше, жеке газ тарату ұйымдарының қызметін мемлекеттік реттеу және баға белгілеу тәсілі өзгереді. Сонымен қатар газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор тарапынан газдандыру жобасын іске асыруға бақылау күшейтіледі.

– Газ құбырлары желілерін жеке инвесторлардың салу мүмкіндігі және құрылысқа жұмсалған шығын өтелгеннен кейін оларды газ тарату ұйымдарының меншігіне беру мәселесі қарастырылады, – деді мәжілісмен.

Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан заң жобасы аясында газ құбырларын жүргізу кезінде мүгедектігі бар адамдар мен басқа да әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жеңілдік қарастырылған ба деген сауал қойды. Е. Жанбыршин бұл мәселе ұлттық оператордың құзыретіне жататынын тілге тиек ете келіп, қазіргі таңда ерекше қолдауды қажет ететін отбасылар үшін жеңілдік бар екенін жеткізді. Белгілі болғандай, бұл мәселемен әкімдіктер мен басқа да жергілікті атқарушы органдар айналысады.

– 15% жеңілдік бар, – деп түсіндірді ол. – Қазіргі уақытта бұл жеңілдіктер қолданылып жатыр.

Өз кезегінде «QazaqGaz Aimaq» АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Асқаров тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз ету жұмысы жергілікті атқарушы органдар мен «QazaqGaz» ҰК» АҚ құзыретіне жататынын атап өтті.

– Біз жобаны әкімдіктермен бірге жүзеге асырып жатырмыз, – деп атап өтті ол. – Газ құбырын үйге дейін жеткіземіз, ары қарай үй ішіне жеке ұйымдар орнатады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy