Мәжіліс ғылым мәселелері бойынша ғылыми-техникалық қызметті жетілдіруге бағытталған депутаттық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің мәртебесін айқындайды. Онда олардың құқығы мен бостандығын қорғау, академиялық еркіндікке кепілдік беру, шығармашылық еркіндік құқығын қамтамасыз ету, сондай-ақ өздерінің ғылыми қызметінің бағытын дербес жоспарлау және айқындау мүмкіндігі қарастырылған.
Құжатта ұжымдық пайдаланудағы ғылыми зертханалардың инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз ету тетігі бекітіледі. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс аясында сатып алынған ғылыми жабдықтарды пайдалану тетігі әзірленеді, ол барлық ғылыми қызметкерлерге қолжетімді болады. Осы өзгерістер аясында пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысатын ұлттық құрама құрамындағы ғылыммен айналысатын дарынды балаларға мемлекеттік университеттердің зертханаларын тегін пайдалану мүмкіндігі беріледі.
– Сонымен қатар қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ғылыми жобаларды іске асыру мерзімі шарт жасалған күннен бастап және күнтізбелік жоспардағы іс-шаралар толық орындалған кезеңге дейін белгіленді, – деп атап өтті құжатты әзірлеуші, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов. – Ғылыми қызметті қаржыландыру тәртібі жетілдірілді.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан мүгедектігі бар адамдарға ғылыми зерттеу жүргізу мүмкіндігі қарастырыла ма деп сұрады.
– Егер бұл мүгедектігі бар адамдардың ғылыми ұйымы немесе басқа ғылыми ұйым болса да, ол байқауға қатысуға және қаржыландыру алуға құқылы, – деп түсіндірді А. Аймағамбетов.
@halyk_partiyasy