Конституциялық реформа бойынша жалпыұлттық референдум қарсаңында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» бірыңғай жалпыұлттық коалициясы өз жұмысын аяқтауда. Елдегі бес жетекші саяси партия мен 300-ден астам қоғамдық ұйымның өкілдерін біріктірген бұл бірлестік қабылданатын нормаларды электоратқа түсіндіру жөніндегі өз міндетін орындады. Енді шешім – сайлаушылардың қолында.
Коалиция жұмысының қорытынды шараларына Қазақстан Халық партиясы өкілдері де қатысты. Осындай кездесулердің бірінде Ирина Смирнова сөз сөйледі.
– Бірнеше күннен кейін азаматтарымыз стратегиялық маңызы бар шешім қабылдайды. Ол еліміздің болашақ даму бағытын және барлық қазақстандықтардың өмірін айқындайды, – деді мәжілісмен.
Ирина Смирнова Қазақстан Халық партиясы басқа партиялармен бірге әрдайым саяси реформалардың алдыңғы қатарында болғанын атап өтті.
– Конституциялық реформа жарияланған күннен бастап біз жаңа Конституция жобасын әзірлеу процесіне белсенді әрі жүйелі түрде қатыстық, – деп еске салды депутат. – Талқылаудың барлық кезеңінде партия өз ұсыныстарын енгізіп, белсенді жұмыс атқарды.
Сонымен қатар, партия кең ауқымды қоғамдық-саяси күштерді біріктірген жалпыұлттық коалиция жұмысына да өз үлесін қосты. Бір ай бойы партияның бүкіл белсенділері, оның ішінде депутаттық корпус, елдің барлық өңірлеріндегі еңбек ұжымдар мен қоғамдық ұйымдарда көшпелі кездесулер өткізді.
– Бірлескен жұмысымыз таңдалған форматтың – халықпен тікелей кездесулердің – тиімді екенін көрсетті, – деді Ирина Смирнова. – Бұл азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырып, билік пен қоғам арасындағы серіктестік идеясын іс жүзінде жүзеге асырады.
Бұрын педагог болған мәжіліс депутаты Конституция жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – білім, ғылым және адам капиталын мемлекеттің стратегиялық даму бағыты ретінде тану екенін атап өтті.
– Бұл әрбір азаматтың өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беретін құқықтық орта қалыптастырады, – деді Ирина Смирнова. – Яғни, біз шын мәнінде әлеуметтік мемлекет ретінде орнығып келеміз.
Партия өкілдерінің пікірінше, қазақстандықтардың басым бөлігі жаңа Конституция жобасын қолдайды. Себебі ол халықтың өмірлік мүдделеріне сай келеді: қолжетімді медицина, білім алу мүмкіндігі, еңбек ету құқығы, саяси көзқарас еркіндігі, сайлау және сайлану құқығы.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым шынайы демократия – халық билігі екенін атап өтеді, – деп түйіндеді Ирина Смирнова. – Мемлекет адам үшін өмір сүреді, керісінше емес. Бүгін референдум қарсаңында біз осы қағидаттардың Негізгі заңның күшіне енетініне сенімдіміз.
@halyk_partiyasy