Депутаттар белсенді жұмысқа тас-түйін дайын

Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліске партиялық тізім бойынша бес кандидат өтті. Алғашқы парламенттік отырыс қарсаңында оларға партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев сәттілік тіледі.

– Биыл ауқымды жұмыс істедік. Алда атқарылар шаруа көп. Біз бұл межеге бірігіп жетеміз. Ең бастысы, сайлаушылар сенімін ақтау және социализм идеясын барынша насихаттау керек – деді.

Басқосу барысында өзінің Халық партиясының төрағасы болғанына тұп-тура бір жыл толғанын тілге тиек етті.

– Былтыр 28 наурызда партия төрағасы қызметіне кірістім. Бүгін араға жыл салып, жаңа Мәжіліс депутаттарына ақ жол тілеп отырмын. Бұл сәйкестіктің де символикалық мәні зор. Аз уақытта көз алдарыңызда партия жаңарды, жасарды. Үгіт-насихат науқанында аймақтарды тұтас араладық, сайлаушылармен кездестік. Енді Сіздер заң шығару жұмысында белсенді болады деп сенемін, – деді.

Өз кезегінде мәжілісмендер саяси ұйым мен сайлаушылар сеніміне селкеу түсірмей, міндетті мінсіз атқаратынына уәде етті.

Айта кетейік, бұған дейін Саяси бюроның кезектен тыс отырысы өткен еді. Онда VIIІ шақырылымдағы Мәжіліс депутаттығының мандаттары бөлінді.

Саяси бюро мүшелері депутаттық топ құрамын жасақтауға қатысты шешім қабылдаған кезде әйелдер мен жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қарастырылған міндетті квотаны ерекше назарда ұстады.

Нәтижесінде, Мәжіліс сайлауына VI, VII шақырылымдағы мәжілісмендер Магеррам Магеррамов, Ирина Смирнова, көпбалалы аналар бірлестігінің жетекшісі Гаухар Танашева, Параолимпиада ойындарының чемпионы, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғаушы Кенжеғұл Сейітжан және жастар квотасы бойынша талапты жас Ислам Сұңқар сынды кандидаттар партиялық тізіммен мандатқа ие болған еді.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы жариялаған сайлау қорытындысына сәйкес, Қазақстан Халық партиясы 5 пайыздық межені ойдағыдай еңсеріп, ҚР Парламенті Мәжілісіне өтті. Сайлаушылардың дауысы Халық партиясын 5 парламенттік мандатпен қамтамасыз етті.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy