25 ақпанда Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаттығына кандидат Хаким Көшқалиев және ҚХП Атырау облыстық филиалының төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Балжан Досмұхамбетова Атырау қаласы спорт саласының өкілдерімен жүздесті.
Кездесу барысында спикерлер партияның «Ел үшін! Жер үшін! Билік – халыққа!» атты сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
«Әсілінде, Қазақстан Халық партиясы социал-демократиялық бағыттағы саяси күш ретінде еңбек адамының құқықтарын қорғайды және ел азаматтарының басым көпшілігінің мүддесін білдіреді» – деп бастады ойын Х.Көшқалиев.
«Өздеріңіз байқағандай, Халық партиясы ғана адамзат үшін асыл құндылық денсаулық пен білімді тегін етуді талап етіп отырған негізгі саяси күш. Онымен қоса, барлық деңгейдегі әкімдерді тікелей дауыс беру арқылы халық сайлауы және міндетін тиісінше атқара алмаған жағдайда кері қайтаруы тиіс.
Бір сөзбен айтқанда билік – халықтың қолында болуы керек! Ал Халық партиясы «Әділ Президент – Ықпалды Парламент – Халықтық Үкімет» құрамын ұсынып отыр», – деді.
Расында, Президент Қ.Тоқаевтың реформалары әділетті қоғам құрудың алғышарты. Реформалардың түпкі мақсаты – Адам мен Азамат, оның құқығы мен бостандығы барлығынан жоғары тұратын нағыз халықтық мемлекет құру. Осы орайда «ҚР Конституциясының 3-бабына сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Ол тиісті өкілеттіктерді бере отырып, биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот билігі сынды 3 тармағын қалыптастырады» – деп нақтылады ойын Х.Көшқалиев.
Төраға орынбасарының айтуынша, барлық деңгейдегі мәслихаттар атқарушы биліктен тәуелсіз жұмыс істеп, дербес қаржыландырылуы, ғимараты мен мүлкі болуы керек. Бұл үшін республикалық бюджетке өзгеріс енгізу қажет. Әкімдер жергілікті мәслихаттарға толық есеп беруі тиіс.
Басқосу барысында алдағы сайлаудың әділетті өтуінің бірден-бір себебі – дауыстардың ұрланбауы деп түсіндірді кандидат: – Ол үшін сайлаушылардың саусақ ізін қолдану арқылы сайлау дауысын бұрмалаудың алдын алу ең тиімді шешімі болып саналады. Тек осылай ғана біз халықтың әділдікке деген сенімін қайтарамыз, – деді. Кездесу қорытындысында сайлаушылар тарапынан ұсыныс-тілектер айтылды. Кандидаттармен емін-еркін пікір алмасты.