
Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов шетелге шыққан қазақстандықтар құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін ҚР Сыртқы істер министрлігі қандай алдын алу шараларын жүргізіп жатқанын сұрады.
Пленарлық отырыста М. Магеррамов отандастарымыздың шетелдегі теріс әрекеттері тұтас Қазақстанның абыройына нұқсан келтіретінін атап өтті.
– Біздің азаматтардың басқа елдегі мінез-құлқы еліміздің әлем алдындағы имиджін қалыптастырады, – деп нақтылады мәжілісмен. – Жақында қабылданған құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заң осы саладағы мемлекеттік және қоғамдық институттардың өкілеттігін айқындайды. Дегенмен мұнда дипломатиялық қызметтің жұмысы көрсетілмеген.
ҚХП фракциясының жетекшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің ережесіне сәйкес, ҚР азаматтары мен заңды тұлғаларының шет мемлекеттегі құқығы мен мүддесін қорғау тікелей Сыртқы істер министрлігінің міндетіне жататынын еске салды.
– Министрлік шетелге шығатын немесе қазір шетелде жүрген азаматтармен алдын алу жұмысын жүргізе ме? – деп сұрады М. Магеррамов. – Мысалы кейбір елдердегі елшіліктер өз азаматтарына шетелге шығатын кезде ескерту парақшаларын ұсынады. Бізде қалай?
Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев ақпараттық жұмыс тұрақты жүргізілетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігінің сайтында және консулдық мекемелердің ресурстарында тұрақты түрде хабарламалар, ескертулер жарияланады. Онда біздің азаматтар баратын елдерде табиғи апаттар және басқа да қолайсыз жағдайлар туралы айтылады. Сонымен қатар азаматтарға SMS-хабарландыру жолданады.
– Қазақстан азаматы кез келген үшінші елге барған кезде SMS-хабарлама алады. Сол арқылы елшіліктің немесе консулдық мекеменің бар екені және олардың байланыс дерегі хабарланады, – деді вице-министр. – Белгілі бір елде төтенше жағдай туындаған кезде біз шетелде жүрген азаматтар мен олардың туыстары үшін «жедел желіні» іске қосамыз, – деді вице-министр. – Бұл тек елшіліктерде ғана емес, Сыртқы істер министрлігінің Орталық аппаратында мұндай жағдай үшін кезекші дипломат болады. «Жедел желі» әрдайым қолжетімді және сол арқылы нақты ақпарат алу мүмкіндігі бар.
@halyk_partiyasy