Дмитрий Легкий ҚХП-дан Парламент Мәжілісінің депутаты болды

Дмитрий Легкий Қазақстан Халық партиясының атынан Мәжіліс депутаты болып сайланды. Депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға өтініш білдірген мәжілісмен Айбек Паяевтің орнына келді.

Бос мандат Дмитрий Легкийге Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен берілді. Мандатты тапсыру барысында, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы - Нұрлан Әбдіров, Д.Легкийді Қостанай облысында қызмет еткен жылдардан бері жақсы танитынын атап өтті.

Дмитрий Легкий - тарих ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынов атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің профессоры. 2016 жылы Қазақстан Коммунистік Халық партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер болған. Дмитрий Легкий Қостанай педагогикалық институтын бітірген. Әр жылдары өзі тәмамдаған институтта тарих пәнінің оқытушысы, тарих және заң факультеттерінде кафедра меңгерушісі болған. Кейіннен А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-де еңбек етті. ҚХП қатарында 2008 жылдан бастап жұмыс істейді, 2013-2020 жылдары партияның Орталық Комитетінің хатшысы болған.

Айта кетсек, Қазақстан Халық партиясы - парламенттік партия болып табылады және Мәжілісте 10 өкілден тұратын фракциясы бар.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy