Даулы реконструкция: шын мәнінде не болып жатыр?

dep.jpg

Фото әлеуметтік желіден алынған

Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова «Бағанашыл» балалар үйінде жүргізіліп жатқан күмәнді реконструкцияның мән-жайын анықтауға ниетті.

Естеріңізге сала кетейік, бұл даулы жағдай өткен жылы басталған еді. Сол кезде №1 облыстық «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері мекемені оңтүстік астанадан Қонаев қаласына көшіру жоспарланып жатқанын айтып шағымданған. Ресми түрде бұл балаларға деген қамқорлық ретінде түсіндірілді, өйткені балалар үйінің бұрынғы ғимараты жедел түрде апатты деп танылған. Қысқа уақыт ішінде жаңа ғимарат салынды, бірақ бұрынғы орнында емес, Қонаев қаласында. Таулы аймақтың орнына – батпақты жер, дамыған инфрақұрылымы, спорт секциялары мен қолжетімді оқу орындары бар мегаполистің орнына – шалғай өңір және маңында түзету мекемелері орналасқан аймақ ұсынылды. Алайда мұндай «қызық» көшірудің себебі аталған аудандағы жер бағасына назар аударғанда бірден түсінікті бола түседі.

Балалар шалғайға барғысы келмей, оларды көшірмеуді сұрап бейнеүндеу жариялады. Сол көктемде, Мәжіліс депутаттары бұл мәселеге белсенді түрде араласқаннан кейін, алматылық шенеуніктер жетімдерді қозғамайтынына уәде берген еді. Алайда мәжілісмендер демалысқа кеткен соң, «Арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі облыстық орталық» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (балалар үйінің ресми атауы) орналасқан жерін өзгерту туралы құжат пайда болды. Иә, жаңа мекенжай — Қонаев қаласы.

Балалар тағы да үндеу жасады. Алайда ересектер оның нәтижесін күтпеді – дүйсенбі күні таңертең балалар үйіне автобустар келіп, полиция қызметкерлерінің көмегімен кішкентай тәрбиеленушілерді еріксіз түрде алып кеткен. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба жұртшылықты шошытты. Кішкентай балаларды әкетуге кедергі келтіруге тырысқан үлкендерге қатысты полиция өкілдері қатаң әрекет етті. Бір тәрбиеленуші қыз есінен танып қалса, тағы бірнешеуі күйзеліске түсті.

Бұл жағдай немен аяқталатыны белгісіз еді, алайда іске Қасым-Жомарт Тоқаев араласты. Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімдігіне балалар үйін жөндеп, тәрбиеленушілердің оқуын оңтүстік астанада жалғастыру үшін жағдай жасауды, сондай-ақ нысанды қала балансына алуды тапсырды.

Арада бір жылға жуық уақыт өтті. Қала билігі нысанды реконструкциялаумен айналысатын мердігерді анықтады. Алайда жұмыстардың сипаты күмән тудырады – ғимараттардың бір бөлігі толық бұзылып, қалғандары ішінара бөлшектелген. Алматы қаласының білім басқармасы БАҚ-қа берген жауабында «техникалық тексеріс нәтижесінде әкімшілік және оқу корпустары, спорт және акт залдары сейсмикалық тұрғыдан күшейтуге келмейтіні анықталып, бұзуға жатқызылды. Қазіргі уақытта аталған ғимараттарды демонтаждау жұмыстары аяқталды» деп хабарлады. Сонымен қатар, жобаға сәйкес жатын корпусын қайта жаңғырту, сондай-ақ жаңа оқу, спорт, әкімшілік ғимараттар мен асхана салу қарастырылған. Жұмыстарды аяқтау мерзімі – жыл соңы. Ал тәрбиеленушілер уақытша Алматы қаласындағы арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына орналастырылған.

Осы ақпаратпен танысқан депутат Ирина Смирнова тиісті мемлекеттік органдарға ресми сауал жолдамақ.

– Мен де балалар үйінің ғимараттары бұзылып жатқаны туралы оқыдым, – деді депутат. – Бірақ ол жерде балалар үйі қайта салынады деп үміттенемін, тұрғын үй кешендері емес.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy