Қазақстан Халық партиясы өкілдері Куба Республикасының Қазақстандағы Елшісі Оскар Леон Сантананың дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Куба елшілігінде өткен бейресми қабылдауға қатысты. Партия мүшелері елшіге ҚХП-мен бірлесіп атқарған жемісті жұмысы үшін алғыс айтып, құрмет пен достықтың белгісі ретінде естелік сыйлық табыстады.
Қабылдау барысында ҚХП-ның талдау және халықаралық байланыстар бөлімінің жетекшісі Сұлтанбек Құдабай құттықтау сөз сөйледі. Ол Оскар Леон Сантананың Қазақстан мен Куба арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін, сондай-ақ партия мен кубалық әріптестер арасындағы өзара тиімді байланыстарды дамытуға сіңірген еңбегін атап өтті.



– Жиналған тәжірибе мен орныққан байланыстар екі ел арасындағы қатынастарды одан әрі дамытуға берік негіз болады, – деді Құдабай.
ҚХП орталық аппаратының өкілі Айгерім Көпішева да Қазақстандағы кубалық дипломаттың қызметіне жоғары баға берді.

– Елшінің бүкіл қызмет кезеңінде құрметке, өзара түсіністікке және ынтымақтастықты тереңдетуге негізделген сындарлы диалог сақталды, – деп атап өтті ол.
Партия мүшелері Оскар Леон Сантанаға алдағы кәсіби және жеке өмірінде табыс тілеп, ҚХП бұдан әрі де Куба Республикасымен достық байланыстарды нығайта беретінін жеткізді.
@halyk_partiyasy