
Ұлытау облысына жаңа көлік дәлізі қажет. Бұл мәселені Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин өңірге жасаған жұмыс сапарынан кейін көтерді. Жергілікті тұрғындар, жұмысшылар мен мемлекеттік орган өкілдері әлеуметтік маңызы зор мәселенің шешімін асыға күтуде.
Мәжілісменнің айтуынша, Ұлытау ұзақ уақыт бойы мәселенің түйінін тарқата алмай отыр.
– Бұл оның әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейді және халықтың өмір сүру сапасын төмендетеді, – деді А. Нұралин. – Қолданыстағы жол желісі бағыттарының ұзақтығымен, жол жабындысының тозуымен және өткізу қабілетінің шектеулі болуымен сипатталады.
Ұлытау облысының әкімдігі «Астана – Қорғалжын – Баршын – Шұбаркөл – Ұлытау» бағыты бойынша тиісті жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап қойған. Жоба Астанадан Ұлытауға дейінгі жол қашықтығын екі есеге дейін қысқартып, көлік және логистикалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
– Ұсынылып отырған бағыттың тек инфрақұрылымдық емес, кешенді әлеуметтік-экономикалық мәні бар, – деп нақтылады мәжілісмен. – «Астана –Қорғалжын – Ұлытау» автожол дәлізін іске асыру экономиканы әртараптандырудың, инвестициялық тартымдылықты арттырудың, шағын және орта бизнесті қолдаудың, жаңа жұмыс оры ндарын құрудың және Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтудың маңызды құралына айналады.
ҚХП фракциясы аталған бағытты көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
@halyk_partiyasy