Дүниежүзілік авиация және ғарыш күнімен құттықтау

Құрметті отандастар!

Ардақты ғарыш саласының мамандары мен ардагерлері!

Баршаңызды кәсіби мереке – дүниежүзілік авиация және ғарыш күнімен құттықтаймын! Осыдан 62 жыл бұрын адамзат тарихында ерекше маңызы бар айтулы оқиға болды. Адамзат өкілі Юрий Гагарин көк жүзіне самғап, аспан әлеміне алғаш жол салды. Бұл жетістік әлемдік ғылымның айрықша серпінмен қарыштап дамуының жарқын көрсеткішіне айналды.

Қуантарлығы, аспан әлеміне басқан теңдессіз тарихи қадам біздің елімізде, Қазақстанның қасиетті топырағында жасалды.

Әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болып саналатын «Байқоңырдан» осы уақытқа дейін 600-ге жуық ғарышкер көкке көтеріліп, ғаламның шексіз кеңістігін бағындырып қайтты. Олардың қатарында қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров,

Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов бар. Батырларымыздың есімдері Қазақстан тарихы бетіне алтын әріптермен жазылды.

Әрине, ғарыш саласының кемелденуі жолында ғалымдар мен конструкторлардың, сынақшылар мен инженерлердің ерен еңбен бағаламау әсте мүмкін емес. Осыған орай, сала мамандары мен ардагерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін.

Ендеше, ел мерейін өсіріп, Қазақстан туын ғарышқа жеткізетін асыл азаматтар саны артсын. Саланың кемелденуін, дамуын тілеймін.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы

Е.Ертісбаев


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy