ЕАЭО даулары бұрынғы тәртіппен шешіледі

dep.jpg

Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде жасалған құжаттардың нормативтік базасын жетілдірмекші. Таяуда депутаттар еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтарға қатысты келісімдерге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев атап өткендей, өзгеріске ЕАЭО жаңа Кеден кодексінің күшіне енуі негіз болды. Түзету бойынша мәжілісмендерде сұрақ туды.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының басшысы, депутат Магеррам Магеррамов бұған дейін келісім тармақтарының бірінде құжат ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты дауларды шешу тәртібі болғанын атап өтті.

– Осы баптың жаңа редакциясында мұндай тәртіп жоқ, тек ЕАЭО туралы шартқа сілтеме жасалған, – деп нақтылады М.Магеррамов. – Дауларды шешуде қандай механизм қолданылады?

М. Қарабаев түзетуге сәйкес, бірнеше құжатта қайталанатын норма алынып тасталатынын мәлімдеді.

– Жалпы, даулы мәселелерге келетін болсақ, тәртіп өзгермейді, – деп атап өтті ол. – ЕАЭО туралы жалпы шартта даулы мәселелерді келіссөз бен консультация арқылы шешудің осындай тәртібі көзделген. Егер, белгілі бір кезең ішінде консультация мен келіссөз нәтиже бермесе, онда тараптар ЕАЭО сотына жүгінуге құқылы.

Дауыс беру қорытындысында хаттама ратификацияланды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy