Еңбек заңнамасы талқыланды

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев «Қазпрофметалл» салалық тау-кен металлургиялық кәсіптік одағы» ҚБ XII кезектен тыс съезінің делегаттарымен кездесті.

Күн тәртібінде ауыр және қауіпті өндіріс қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мәселесі сөз болды. Сонымен қатар «Қазақалтын» ЖШС (Бестөбе кенті) кәсіпорнындағы жағдай талқыланды.

ҚХП төрағасы Е.Ертісбаев еңбекті қорғау мәселелері қазір өте өзекті екенін айрықша атады.

– Біз еңбеккерлердің қауіпсіздік техникасы мен жұмыс барысында жарақат алуына қатысты мәселелерді жақсы білеміз. Зардаптың соңы оңды шешілмей жатқанын да көріп отырмыз. Бірақ олай болмауы керек – деп атап өтті Е.Ертісбаев.

Партия төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков жұмысшылардың құқықтарын қорғайтын жаңа Еңбек кодексі қажет екенін айтты:

– 2016 жылдан бері қолданылып келе жатқан кодексті біз, мүлдем халыққа қарсы Еңбек Кодексі деп санаймыз, – деді А.Асылбеков.

Жиын барысында «Қазпрофметалл» кәсіподағының төрағасы Асылбек Нұралин қоғамдық ұйымдар жаңа, әділетті Қазақстанның қалыптасуына белсенді қатысуы тиіс екенін атап өтті.

– Президент бүгінде саясаткерлерге, кәсіпкерлерге, билікке, азаматтық қоғамға – әлеуметтік жауапкершілікке, әлеуметтік әділеттілікке көшудің уақыты келгенін нақты айтты, – деді Нұралин. Расында бұл бүгінгі күннің басты міндеті!

Айта кетейік, өткен жылдың соңында «Қазпрофметалл» Қазақстан Халық партиясымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған еді. Бүгінде кәсіподақ төрағасы Асылбек Нұралин Парламент Мәжілісіне ҚХП кандидаттарының партиялық тізіміне енді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy