Ел – болашағы жастардың қолында

Жас болу оңай ма? Осы жолы «Халық микрофоны» жобасы жастар мәселесіне арналды. Партияның жас мүшелері, Қазақстан Халық партиясынан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар Ислам Сұңқар мен Раушан Жұмабекова жастардың болашағы мен елдің келешегі жайында сөз қозғады.

– Депутат болу басты мақсат емес, – деді екі үміткер де хабардың басында. – Барлық реформалар тек заңдардың өзгеруіне байланысты болады. Идеяларымызды жүзеге асыру үшін бізге парламенттік көпшілік керек.

Раушан Жұмабекованың айтуынша, жастар үшін баспана ең өзекті мәселе. Қолданыстағы тұрғын үй бағдарламасы жастардың барлығын тұрғын үймен қамтуға қауқарсыз. Іріктеу кезеңі қатаң, жас отбасылардың бастапқы жарна төлеуге материалдық жағдайы жете бермейді.

– Баспана – адамның негізгі қажеттіліктерінің бірі, – деді ол. Қазақстан Халық партиясы жастарды баспанамен қамту бағдарламасын ұсынады. Бағдарлама бірнеше санатқа бөлінген. Яғни кейін сатып алу мүмкіндігімен жалға берілетін тұрғын үй, ипотекалық бағдарлама арқылы жылдық 4%-бен қолжетімді тұрғын үй және басқа құрылыс салушылардан жаңа баспана және қайталама нарықтағы тұрғын үй.

Ислам Сұңқар алдағы сайлау қазіргі Қазақстан тарихындағы ең маңызды сайлаулардың бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, аралас сайлау жүйесіне көшу өзін-өзі ұсынаған кандидаттарға жол ашып, халық жаппай саясатқа бет бұрды.

– Мемлекет қоғаммен қарым-қатынас орнатуы керек, – деді И.Сұңқар.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy