Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат, партияның Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрдәулет Оразханов елордалық көпқабатты тұрғын үй кешендерінің тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізді.
Іс-шараға қатысушылар атап өткендей, көпқабатты үйлер салынған аудандардың жылдар бойғы жиналған мәселелері – инфрақұрылымның жетіспеушілігі. Ол демографиялық өсім мен үздіксіз көші-қонға ілесе алмайды. Мектептер мен балабақшалар лық толы, емханаларда үздіксіз кезек. Ақ халатты абзал жандар жетіспеушілігі қатты сезіледі.
Ретсіз әрі тығыз салынған құрылыс салдарын балалар көріп отыр. Олар үшін үйірмелер, спорт, өнер секциялары жоқтың қасы. Болғанның өзінде жертөлеге орналасқан. Нәтижесінде, сабақтан кейін мектеп спортзалында жаттығуға рұқсат сұрап жүр.
– Әлеуметтік инфрақұрылым қаланың бас жоспарында құрылуы тиіс, – деп есептейді Нұрдәулет Оразханов. – Құрылыс салу кезінде мердігерлердің пайдасы емес, тұрғындардың жайлылығы ескерілуі керек!
Ал инфрақұрылымның кенжелеуі – болашақта қоғамдағы шиеленістің жаңа кезеңін тудыруы мүмкін.
– Біздің балалар мектепке дейінгі тәрбие жүйесінен тыс қалмауы керек және апатты ғимараттарда үш ауысымда білім алмауы тиіс, – деді Н.Оразханов.