Елордалық колледж студенттеріне пікірсайыс клубы қажет

Қазақстан Халық партиясының атынан сайланған Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар қоғамдық қабылдау өткізді. Азаматтар тұрғын үй қатынастары мен жер телімдерін бөлуге қатысты мәселелерге шағымданды. Жастар да өзекті мәселелерін алға тартты.

Астана колледждерінің белсенділері мен студенттері депутатқа қаржыландырудың тапшылығы мен ұстаздар қауымының қолдамауының салдарынан оқу орнында пікірталас қозғалысын дамыта алмай отырғандарын айтты.

– Іс жүзінде колледждерде жастардың бос уақытын ұйымдастыруға көңіл бөлінбейді, – деді білім алушылар. Жатақханалардың да жағдайы мәз емес. Олардың арасында апаттық жағдайда тұрғандары да бар. Осындай жерде өмір сүру үшін студенттер 21 мың теңге шәкіртақының 15 мың теңгесін қиып береді. Жан бағу үшін студенттер жұмыс істеуге мәжбүр.

Колледждерге қосымша табыс табу мәселесін шешуге болады. Бұл үшін студенттік тәжірибені ақылы ету керек. ҚХП депутаты Ислам Сұңқар колледждер тек білім берумен ғана емес, студенттердің тәрбиесімен, мәдени дамуына назар аударуы керек деп санайды.

– Жас адамдар қоғамдық, әлеуметтік үдеріске пікірсайыс арқылы да қатысуы керек. Себебі пікірсайыс сыни тұрғыдан ойлауды үйретеді, – деді мәжілісмен.

Депутат болашақта елорда колледждерінде көшпелі кездесу өткізуді, студенттердің оқу және тұру жағдайымен танысуды, оқу орындарына қандай бюджет бөлінетінін және қаржы қалай жұмсалатынын анықтауды жоспарлап отырғанын жариялады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy