«Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының депутаттары Жеңіс көшесінің бойындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне барып, шәкірттердің адам айтқысыз жағдайда білім алып жатқанына куә болды.
Бұған оқу орнына қарасты мектеп пен колледжд асханасындағы қымбатшылық, дәретханаларындағы антисанитарлық жағдай, жұмыс істемейтін жеделсатылар дәлел.
Оқушылар баспалдақпен 6-7 қабатқа ауыр музыкалық аспаптарды көтеріп шығуға мәжбүр. Сынып жетіспеушілігінің салдарынан болашақ музыканттар дәлізде дайындалып жүр. ҚХП депутаттары Ирина Смирнова мен Ислам Сұңқар осы тектес бірқатар кемшіліктерді әшкереледі.
– Біз бүгін Қазақ ұлттық өнер университетінің ғимаратына әдемі безендіруді және балалар үшін жасалған қолайлы жағдайды көреміз деген үмітпен келдік, – деді депутат И.Смирнова. – Бірақ біз мүлдем басқа жағдайға куә болдық. Біздің балалар бізден мықты. Олар мәдениетке ұмтылады, кез-келген жағдайда білім алуға тырысады. Ал ересектер осы жердегі кемшіліктерге көндігіп отыр. Бұл – мәдениет ғибадатханасындағы мәдениетсіздік!
Қазақ ұлттық өнер университеті бірегей оқу орны болуға тиіс еді. Оған мектеп, колледж, бакалавриат, магистратура және докторантура сияқты кәсіптік білім берудің барлық деңгейі бойынша шәкірт тәрбиелеу міндеті жүктелген.
– Әлеуметтік желіде белсенділер мен дарынды балалардың ата-аналары университетте санитария және гигиена ережелері бұзылып жатқаны жөнінде бейнеролик жариялады, – деді депутат И.Сұңқар. – Осы фактіге көз жеткізу мақсатында оқу орнына арнайы бардық. Барлық шағым расталды. Біз бұған шынымен көз жеткіздік! Өнер университеті мұндай күйде болмауы керек! Болашақта біздің мәдениетіміз бен өнерімізді дамытатын дарынды жастар неге осындай қорқынышты ортада оқуға мәжбүр болуы керек?!
Қазақстан Халық партиясы бюджет қаражатынан қанша сома білім ордасын қалыпты жағдайда ұстауға бөлінетінін, қаржының қалай жұмсалатынын және жағдайды түзету үшін оқу орнының басшылығы қандай шара қолдануды көздеп отырғанын білуге ниетті.