
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның энергетика жүйесін ауқымды түрде жаңғырту басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, цифрландырудың, жасанды интеллектіні енгізудің және өнеркәсіп өндірісінің дамуына байланысты энергияға деген сұраныс жыл санап артып келеді.
Президент энергетиканың стратегиялық маңызы бар сала екенін ерекше атап өтті.
– Тұрақты энергия көздерінсіз қуатты мемлекет құру мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы алты жылда республикада электр энергиясын өндіру көлемі 16 млрд киловатт-сағатқа артқан. Қазіргі таңда Қазақстанның электр энергетикасы жүйесіне жалпы белгіленген қуаты 25 гигаватт болатын 237 электр станциясы кіреді, ал нақты қолда бар қуат – 21 гигаватт. Алайда бұл салада шешімін күткен мәселе аз емес. Энергетикалық нысандардың басым бөлігі – кеңестік кезеңнен қалған. Ұзақ жылдар бойы жекеменшікте болып, тиісті жаңғырту мен жөндеусіз пайдаланылған. Мемлекет инфрақұрылымның жағдайына тек станциялар істен шығып, елді мекендер жылусыз және жарықсыз қала бастағанда ғана алаңдай бастады.
Қазіргі таңда Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға кірісті. Бұл жоба аясында 2030 жылға дейін кемінде 200 нысан қайта жаңғыртылып, 86 мың шақырым желі жаңартылады. Президенттің айтуынша, негізгі жобалардың қатарында Екібастұз ГРЭС-2-де жаңа энергоблоктар салу, ГРЭС-3 құрылысы, Қызылорда мен Түркістан облыстарында бу-газ қондырғыларын іске қосу, Алматыдағы станцияларды жаңғырту бар. Сондай-ақ Балқаш атом электр станциясы жобасының стратегиялық маңызына және екінші АЭС салу жоспарларына айрықша тоқталды.
– Республиканың энергетикалық әлеуетін нығайту – басым міндет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Халық партиясы энергетикалық инфрақұрылымның тозуы мәселесін бірнеше мәрте көтерген. Аймақтарға жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты, ҚХП өкілі Ирина Смирнова Шығыс Қазақстандағы су электр станциясына барды. Бұл станция кеңестік кезеңде, ГОЭЛРО жоспары аясында 1922 жылы жобаланып, бірнеше онжылдықтан кейін салынған. Соған қарамастан, бүгінге дейін электр энергиясын өндіруін тоқтатпаған.
– Кеңес дәуірінде біртұтас әрі жүйелі энергетикалық құрылым қалыптастырылды. Ал кейінгі 30 жыл бойы іс жүзінде ештеңе салынған жоқ, тек пайдаланумен шектелдік. Қаржы бөлінді. Бірақ ол халықтың игілігіне емес, бұрынғы ұлттық байлықтың иелерінің қалтасына кеткені анықталды. Енді шұғыл әрі нақты шаралар қабылдайтын уақыт келді, – деді депутат.
@halyk_partiyasy