Жуырда Қазақстан Халық партиясының депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейітжан Көкшетау қаласына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол «Қоғамдық келісім» үйінің конференц-залында ерекше білім беруді қажет ететін балалардың ата-аналарымен кездесу өткізді.
Кездесуде инклюзивті білім беруді дамыту, отбасыларды қолдау және тиісті мемлекеттік органдармен өзара тиімді іс-қимыл мәселелері талқыланды. Жүздесуге өңірдегі 27 жалпы білім беретін және арнайы мектептің директорлары, білім және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармаларының өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
– Әсіресе ерекше балалардың сапалы білім алуына және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау, ата-аналарға қолдау көрсететін орталықтардың қолжетімділігін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ оқу бағдарламасын меңгеруде қиындық көріп жүрген балалар «Я шагаю» атты балаларды қолдау орталығына жіберілетіні атап өтілді. Бұл орталықта олар қажетті психологиялық және педагогикалық көмек алады, - деді Кенжеғұл Сейтжан.

Күннің екінші жартысында депутат-омбудсмен «Сыр Сұлу» тұрғын үй кешенінде ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарымен кездесті. Шара жайлы әрі жағымды атмосферада өтті.
Сапардың соңында Кенжеғұл Сейітжан Ақмола облысының аудандарынан келген педагогтар мен әдіскерлермен жүздесті. Бұл жиынға 260-тан астам ұстаз қатысты. Кездесу барысында инклюзивті білім беруді дамыту, педагог мәртебесін көтеру және әр баланы, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға кәсіби әрі адами тұрғыдан дайын болудың маңызы талқыланды.
– Өңірлерге барудың ең басты артықшылығы – халықты тыңдау, олардың нақты мұқтаждығын көру және шешу жолдарын бірлесіп табу. Бұл, ең алдымен, ерекше баласы бар отбасылардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жұмыс, – деп түйіндеді Кенжеғұл Сейітжан.
@halyk_partiyasy