Жеңіс күнінде Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Ұлы Отан соғысы батырларының мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Еліміздің түкпір-түкпіріндегі партия филиалдарының өкілдері Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза болған қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым жасады. Шара шеңберінде бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Жеңіс күні – қастерлі әрі қасиетті мереке. Бұл – Отан үшін, қарыс қадам жер үшін кеудесін оққа тосқан жауынгерлерді еске алу күні.
Біздің елден майданға 1,2 миллион адам аттанды. Олардың 600 мыңға жуығы ұрыс даласында мерт болды. Яғни соғысқа қатысқан әрбір бесінші қазақстандық жер жастанды.
– Біз батырлардың ерлігіне тағзым жасаймыз. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарды, – деді партия төрағасы Е.Ертісбаев мемориалдық кешен алдында сөйлеген сөзінде.
78 жыл бұрын адамзат тарихындағы ең қанды соғыстың бірі аяқталды. Қазіргі жалған тарихшылардың түрлі жазбаларына қарамастан Жеңіс күнін мереке санау заңдылық. Себебі біз Отан үшін отқа түскендердің ерлігін жоққа шығаруға, олардың батырлығын мойындамауға ниетті емеспіз.
– Біз жауға қарсы бірлесіп күрескен аталарымыз бен әкелерімізді құрметтеу қажет. Бұл – ортақ Жеңіс. Кеңес Одағындағы барлық ұлттардың жеңісі.
Естеріңізге салайық, бейбітшілік үшін күрескен 96 638 қазақстандық орденмен, медальмен марапатталды. Ал 500 - ге жуық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
– Ұлы күн халық жадында мәңгі сақталады, – деді Е. Ертісбаев.