Жалақы формуласы

dep.jpg

t.me/mazhilis_kz

Қазақстанда ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесі әзірленуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, формула мемлекеттік органдардың қарауына ұсынылған, ал сарапшылар оның дұрыс қалыптастырылғанын тексеруде.

Әдістеме Қазақстан жақында ратификациялаған Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) №131 «Ең төменгі жалақы мөлшері туралы (дамушы елдерді ескере отырып)» Конвенциясына негізделген. Оған сәйкес, ХЕҰ ең төменгі жалақыны елдегі медиандық жалақының 50%-ы деңгейінде белгілеуді ұсынады. Бұл бастаманы Қазақстан Халық партиясы бірнеше жылдан бері көтеріп келеді.

– Есептеу кезінде еңбек өнімділігі мен медиандық жалақы ескеріледі. Формуланы Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі сияқты уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына енгіздік, – деді А. Ертаев. – Қазір талқылау жүріп жатыр. Жалпы, әдістеме іске қосылуы тиіс. Жыл соңына дейін нақты шешім қабылданады деп ойлаймын.

Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы бұл бастаманы қолдайды. Мәжіліс депутаты, ҚХП өкілі Ирина Смирнованың айтуынша, партия мүшелері VII шақырылымнан бері бұл құжатты ратификациялау туралы бірнеше рет ұсыныс жасап, Үкімет алдына ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін қайта қарау қажеттігін қойған. Бұл жалдамалы қызметкерлерді жалақыны төмендететін жұмыс берушілердің қысымынан қорғап, «жұмыс істейтін кедейлік» мәселесін шешуге ықпал етуі тиіс. Конвенцияны ратификациялау партияның сайлауалды бағдарламасына да енгізілген болатын.

– Біз бұл ратификацияға жүйелі түрде келдік, – деді И. Смирнова. – Ең төменгі жалақы медиандық жалақымен бірге өзгеріп, оның 50%-ынан төмен болмауы тиіс екенін айтып келдік. Соған қол жеткіздік. Енді есептеу жүйесінде нақты өзгерістер күтеміз.

Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан да бұл бастаманы белсенді қолдайды.

– Ең төменгі жалақыны медиандық жалақыға байланыстыру – еңбекақы төлеудің неғұрлым әділ әрі түсінікті жүйесіне жасалған қадам. Мұнда табыс деңгейі формалды көрсеткіштерге емес, нақты жағдайға сәйкес анықталады, – деді депутат. – Омбудсмен ретінде бұл бастама әлеуметтік қорғалуды күшейтіп, теңсіздікті азайтуға бағытталғанын маңызды деп санаймын. Бұл мәселеде Қазақстан Халық партиясының қолдауы – қағаз жүзіндегі емес, адамдардың өмірінде нақты жұмыс істейтін жүйелі өзгерістерге қадам.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy