Дауыс беру – қолжетімді!

dep.jpg

open-almaty.kz

15 наурызда, Конституциялық реформа бойынша жалпыхалықтық референдум өтетін күні өңірлерде «Инватакси» қызметі көліктерінің саны артады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.

Мұндай өтінішті Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан және Қазақ зағиптар қоғамының (ҚЗҚ) өкілдері білдірген.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, барлық сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға (МБА) арналған арнайы бұрыштар қарастырылған. Олар компьютерлермен, үлкейткіш әйнектермен, қосымша жарықпен, Брайль қарпімен жазылған бюллетеньдерге арналған трафареттермен, сондай-ақ Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудионұсқасымен жабдықталған. Сонымен қатар сайлау учаскелері орналасқан ғимараттар пандустармен, тактильді көрсеткіштермен және ғимарат ішіндегі тактильді навигация элементтерімен қамтамасыз етіледі.

– Аумақтық комиссияларға учаскелерді дайындау барысында заңнама талаптарын қатаң сақтау, оның ішінде оларды мүгедектігі бар адамдар үшін толық қолжетімді ету міндеті қойылды, – деп атап өтті комиссия төрағасы.

Қызметкерлерді дайындауға да ерекше көңіл бөлінді. Сайлау комиссияларының қызметкерлері мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен қажеттіліктері бойынша арнайы оқытудан өтті. Дайындық барысында қарым-қатынас әдебі, дұрыс терминология және азаматтардың түрлі санаттарымен өзара әрекеттесу ерекшеліктеріне ерекше назар аударылды.

– Бүгінгі таңда учаскелер жүз пайыз мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштармен қамтамасыз етілген деп айтуға болады, – деп хабарлады ҚР ОСК. – Әрине, статистика бойынша мүгедектігі бар адамдар жоқ ауылдар мен елді мекендерде орналасқан учаскелер де бар. Дегенмен мұндай нысандарда қажетті жабдықтар болмаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар уақытша пандустарды, тактильді көрсеткіштерді және басқа да құралдарды қарастырған.

Дауыс беру күні ерекше қажеттіліктері бар сайлаушыларға «Инватакси» қызметі кеңейтілген түрде ұсынылады.

– Жұмыс тобының қатысушылары, Мәжіліс депутаты әрі омбудсмен Кенжеғұл Сейтжан, сондай-ақ Қазақ зағиптар қоғамының өкілдері статистика бойынша мүгедектігі бар азаматтар саны көп өңірлерде «Инватакси» көліктерінің санын арттыру туралы өтініш білдірді, – деп нақтылады ОСК. – Әкімдіктер бұл өтінішті қанағаттандырды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy