27 ақпанда Мәжіліс депутаттығына кандидат, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев әріптестерімен бірге Шығыс Қазақстан облысында ҚХП активімен үгіт-насихат кездесуін өткізді.
– Біз халық билігін қалпына келтіру үшін жұмылып еңбек етуге әзірміз! Парламент шенеуніктерден емес, халықтан құрылуы тиіс!, – деді Е.Ертісбаев.
Партия төрағасы ҚХП өз азаматтарының жанайқайын жақсы түсінетін Халықтық Үкімет құрамын ұсынып отырғанын ашық айтты. Тек осылай ғана «Әділ Президент – Ықпалды Парламент – Халықтық Үкімет» жасақталатынын жеткізді. «Партияның басты ұстанымы – елдің билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құру!» – деді Е.Ертісбаев.
Ермұхамет Ертісбаев қазақстандықтардың бұл өзгерістерді талап ететініне назар аударды. Себебі, қанды Қаңтар кландық-олигархиялық капитализмге қарсы бағытталған қазақ халық революциясы ретінде тарихта қалды. Енді осынау тарихи өзгерістің нүктесін 19 наурызда сайлау учаскелеріне келіп, таңдау жасау арқылы қою керек.
– Халық бізге сенеді. Біздің партиялық тізім қатарында сайлаушылар өзі ұсынған кандидаттар жетерлік. Айталық, құрамында 116 мың мүшесі бар «Қазпрофметалл» кәсіподағы Асылбек Нұралинді, еліміздегі 500 мың көпбалалы аналар Гаухар Танашеваны қолдап отыр. Тіпті, 1 млн-ға жуық мүшесі бар Құрылысшылар одағы да біздің қатарда. Бәрі атқарылып жатқан жұмысты көзімен көрді» – деді партия төрағасы.
Е.Ертісбаевтың айтуынша, соңғы рет мұндай бәсекелестік сайлау 25 жыл бұрын өткен. Қазір қазақстандықтарға тағы бір мүмкіндік беріліп отыр.