Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы ҚР премьер-министрі лауазымына ұсынылған азаматтың кандидатурасына дауыс беруден қалыс қалды.
Фракция жетекшісі Магеррам Магеррамов партияның ұстанымын төмендегідей түсіндірді.
– Кандидатураны (Әлихан Смайылов – автор) «Аманат» партиясының депутаттық фракциясы ұсынған, – деді ол.
– Осы күнге дейін үкімет елде қалыптасқан жағдайды экономикалық тұрғыдан жақсарту мақсатында нәтижелі шаралар қабылдай алмады. Экономикалық дамудың орнына бізде бар ресурстарды рәсуалап жатыр. Күні бүгінге дейін әлеуметтің әл-ауқатын арттыру мақсатында нақты шаралар күттік. Өкініштісі, сеніміміз ақталмады. Сондықтан партия басшылығымен келісе отырып, біз қалыс қалуға шешім қабылдадық.
– Әйткенмен азаматтарымыздың экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту мақсатында үкіметпен нәтижелі жұмыс жүргізуге дайынбыз. Мемлекет басшысы айтқан үкіметті қайта жасақтау қағидатын парламентте көпшілігі қолдап отыр. Себебі, барлық демократиялық өркениетті елдерде үкіметті қалыптастыру тетігі дәл осылай жұмыс істейді, – деп жалғады ойын мәжілісмен.
Естеріңізде болса, бұған дейін Мәжілісте сөз сөйлеген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Министрлер кабинетінің жұмысын сынға алған болатын.
– Мойындау керек, шынайы бюрократиядан арылу болған жоқ. Бюрократиялық кедергілердің салдарынан ведомстволардың арасында, Үкімет пен Президент Әкімшілігі арасында келіссөздер ұзақ жүргізіледі. Бұл маңызды шешім қабылдауды кешеуілдетеді. Министрлер шешім қабылдаудан жасқанып, жауапкершілікті әріптестеріне немесе қарамағындағыларға жүктейді. Бұған жол беруге болмайды, – деген Қ.Тоқаев.
Осынау сынға қарамастан, «Аманат» партиясы бұрынғы премьер-министрдің кандидатурасын қайта ұсынып отыр.
Мәселе Мемлекет басшысының фракция басшыларымен консультативтік кездесуінде талқыланып, кейін Палатаның жалпы отырысына шығарылды. Дауыс беру нәтижелері бойынша Үкімет басшысы лауазымына көпшілік дауыспен Әлихан Смайылов қайта сайланды.