Барлық деңгейдегі өңірлік мәслихат депутаттары сайлауының қорытындысы жарияланды. Қазақстан Халық партиясының кандидаттары облыстық, қалалық және аудандық өзін-өзі басқару органдарынан 85 орын алды.
ҚХП кандидаттарына Астана қалалық мәслихатынан – 1, Алматы қалалық мәслихатынан – 3 депутаттық мандат берілді. Абай облысында партия өкілдері облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардан бір-бір орыннан (барлығы 3 орын) еншіледі.
ҚХП кандидаттары Ақмола облысында көш бастап, 13 мандатқа ие болды. Олардың 4-і – қалалық, 9-ы – аудандық мәслихат депутаты атанды. ҚХП Ақтөбе филиалының кандидаттары – 4 мандатқа, оның ішінде 1-і – қалалық, 3-і – аудандық мәслихат депутаттығына қол жеткізді. ҚХП Алматы облыстық филиалынан 4 адам аудандық мәслихатқа, ал Атырау облыстық филиалынан – 1 адам қалалық, 3 адам аудандық мәслихатқа өтті.
ҚХП Шығыс Қазақстан облыстық филиалынан ұсынылған кандидаттардың 5-і – аудандық, 1-і – қалалық мәслихатқа депутат болды. Партияның 11 өкіліне Жамбыл облысының барлық деңгейдегі мәслихаттарынан мандат бұйырды. Оның 1-і – облыстық, 3-і – қалалық, 7 – аудандық мәслихат депутатының орынтағы болды. Жетісу облысында партияның 1 өкілі – облыстық, 1-і – қалалық, 2-і – аудандық мәслихатқа өтті. ҚХП кандидаттарының басым бөлігі облыстық өзін-өзі басқару органдарына партиялық тізім бойынша өтті, ал Батыс Қазақстан облысында партия атынан өзін-өзі ұсынған адам топ жарды. Жалпы, БҚО-да 2 адам – облыстық, 1 адам – аудандық мәслихатқа депутат болды.
Атап көрсетерлігі Қызылорда облыстық мәслихатына партия атынан өзін-өзі ұсынған кандидат та жеңіске жетті. Қарағанды облысында ҚХП 8 мандатты еншіледі. Оның 2-і – облыстық, 3-і – қалалық, 3-і – аудандық мәслихат депутатының орынтағы болды.
Маңғыстау өңірінде (Ақтау, Жаңаөзен қалаларында және аудандық мәслихаттарда) партия өкілдеріне 7 орын бұйырды. Павлодар облысында ҚХП-ның 1 кандидаты облыстық, 2 кандидаты қалалық мәслихат депутаттығына өтті. Солтүстік Қазақстан облысында партия кандидаттары қалалық мәслихаттан – 2, аудандық мәслихаттан – 8 орын алды. Түркістан облысында партияның 1 өкілі аудандық мәслихат депутаты атанды. Ал Қостанай облысында 1 кандидат облыстық мәслихатқа өтті. Айта кетейік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау 2023 жылғы 19 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлаумен қатар өтті. Барлық деңгейдегі мәслихаттарға 3 415 депутат сайланды.