Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев ҚХП парламенттік фракциясының депутаттарымен және өңірлердегі филиал өкілдерімен жиын өткізді.
Басқосу барысында партия төрағасы жиынға қатысушыларды Ораза айт мерекесімен құттықтады. – Біз, Қазақстан Халық партиясы, түрлі діни конфессиялар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуды жақтаймыз, – деп атап өтті Е.Ертісбаев. – Біз қоғамдағы мәдени және рухани әралуандықты сақтауға жан-жақты қолдау көрсетеміз.
Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде атқарушы және заң шығарушы билікке берген тапсырмалары талқыланды.
Естеріңізге салайық Мемлекет басшысы Үкімет мүшелеріне еліміздің жаңа саясатын қалыптастыруды жүктеді. – Бұл билікке ғана берілген тапсырма емес, – деп атап өтті ҚХП төрағасы. – Бұл бізге, ел тағдырына бей-жай қарамайтын барлық белсенді азаматтарға жүктелген міндет.
Е. Ертісбаев Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасы ел Президенті таңдаған социалистік бағытпен үндесетінін еске салды. Ол партия өкілдерінің атқарушы билікпен қарым-қатынасы тек сынмен шектеліп қалмай, сындарлы байланысқа негізделуі тиіс екенін мәлімдеді.
Партия төрағасының айтуынша, ҚХП өңірлік филиалдарына жергілікті билік органдарымен, әкімдіктермен іс-қимыл жоспарын жасау қажет. Партияның басты міндеттерінің бірі – халық пен билік арасындағы тығыз байланысты қамтамасыз ету болу керек.
Шара шеңберінде ҚХП парламенттік фракциясының басшысы Магеррам Магеррамов Мәжілістегі депутаттардың қызметі туралы баяндады. – Біз заң шығару қызметіне өзгелерден белсендірек қатысып жатырмыз, –деді М. Магеррамов. – Біздің депутаттық сауалдар өзектілігімен, өткірлігімен ерекшеленуде.
Кеңес қорытындысында қатысушылар өңірлік филиалдарды жаңғырту және жастар саясатын ілгерілету мәселелерін сараптады.