Халық партиясы күрделі патологиясы бар балалардың отбасына көмек көрсетуді ұсынды

VIII сайланған Парламент Мәжілісіндегі «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.

Фракция жетекшісі министрге «Қуық экстрофиясы және тік ішек атрезиясы» диагнозы қойылған бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың жанайқайын жеткізді.

– Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің нормалары бойынша оларға күніне 2 дана арнайы құрылғы бөлінеді. Жылына бір балаға 720 дана ұсынылады. Ал іс жүзінде мұндай ауыр диагнозы бар балаға күніне кемінде 5-6 дана арнайы құрылғы қажет, – деді депутат.

Оның айтуынша, ата-аналар арнайы құрылғыны дәріханалардан өз қаражатына, әрқайсын 6 мың теңгеден астам ақшаға сатып алады. Бұған қоса памперс қолдану қажет. Орта есеппен алғанда, шамамен ата-аналар күніне 8-9 мың теңге ақша жұмсайды.

– Кейбір ата-аналар несие алады, үйлерін сатады, өйткені оларға ақша жетіспейді. Кейін сот орындаушылары оларды өтелмеген қарыз үшін қудалайды. Мұндай балаларға үнемі күтім жасау қажет болғандықтан, көптеген ата-аналар үйде жұмыссыз отырады. Олардың арасында балаларды өздері тәрбиелеп отырған жалғызбасты әйелдер көп, – деді фракция жетекшісі.

М.Магеррамов мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оны қысқа мерзімде шешу қажеттігін алға тартты.

– Балаларға қажетті құрылғылар мен памперс санын көбейту нормасын қарастыруды ұсынамыз, – деп қорытты ол министрге жолдаған депутаттық сауалын.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy