ҚХП «Қазпрофметалл» кәсіподағымен Меморандумға қол қойды

Қазақстан Халық партиясының орталық кеңсесінде Қазақстан Халық партиясы мен «Қазпрофметалл» салалық тау-кен металлургиялық кәсіптік одағы» арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті. ҚХП тарапынан құжатқа партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев, кәсіподақ тарапынан – «Қазпрофметалл» төрағасы Асылбек Нұралин қол қойды.

«Аталған Меморандум екі тараптың ынтымақтастығына, адалдығына, әдептілігіне негізделеді және мерзімсіз болып табылады», – делінген құжатта. – Тараптар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын жақсарту, ҚР Үкіметі мен Парламенті деңгейінде тау-кен металлургия саласы қызметкерлерінің түйткілді мәселелерін саралап, оны шешу жолдарын айқындау жөніндегі іс-қимыл туралы келіседі"

– Бұл өте маңызды оқиға, – деп атап өтті қол қою қорытындысында ҚХП Төрағасы Ермұхамет Ертісбаев. – Дамыған демократиялық елдерде салалық одақтар іс жүзінде саяси өмірдің негізі болып табылады. Егер біз, ҚХП және кәсіподақтар бірлесіп іс қылсақ, онда көп нәрсеге қол жеткіземіз. Саяси тұрғыдан, біздің ортақ мүдделеріміз сәйкес келеді, бұған күмән жоқ.

«Қазпрофметалл» басшысы Асылбек Нұралиннің айтуынша, кәсіподақтар бұған дейін де Қазақстан Халық партиясымен белсенді жұмыс істеген, ал қазір байланыстың буыны бекіп, өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтеріліп жатыр.

– Басты мәселелердің бірі – біздің қызметкерлеріміз үшін бүгінде жойылып кеткен жеңілдіктер мен кепілдіктерді қалпына келтіру, – деп атап өтті ол. – ҚХП-мен ынтымақтастық туралы Меморандум бірлескен жұмыс үшін жаңа серпін береді. Қазақстан Халық партиясы, сондай-ақ салалық кәсіптік одақтардың өкілдері жұмыс жағдайын жақсартуды, еңбекақыны арттыруды және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ ең алдымен, зиянды және қауіпті өндірістердің қызметкерлері үшін зейнет жасын төмендетуді жақтайды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy