Халық партиясының сайлауалды үгіт-насихат тобы «QazExpoCongress» компаниясының ұжымымен кездесті. Онда Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат, ҚХП Астана филиалының төрағасы Нұрдәулет Оразханов партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Спикер қазақстандықтардың басты проблемасы болған тұрғын үй мәселесі туралы айтты. Қазіргі таңда тұрғын үйге қол жеткізу халықтың арманы. Осы орайда Н.Оразханов Халық партиясы осы мәселені шешудің тиімді жолын ұсынып отырғанын тілге тиек етті.
– Біздің партия ауыл тұрғындарына ипотеканы субсидиялауды ұсынып отыр, – деді ол. – Құрылыстың негізгі тірегі – жастар. Ауылдарды дамытудың негізгі бағыты ретінде елдімекендердің инфрақұрылымын қалпына келтіру қажет. Сондай-ақ, партия өкілі ауылдарды жандандырып, құрылысты қарқынды дамытса, еліміздегі жұмыссыздық төмендейді деген пікірде. Бұл жастардың ауылдан кетуіне тежеу болады.
– Қазір кедейшілік шкаласы қызыл сызыққа таяу. Жастар арасында жұмыссыздық жойылмай келеді. Бәрі ауылды тастап, қалаға ұмытылады. Көптеген адамдар бұл проблеманың түйіні тарқамайды деген ойда. Ал біз бұл тұйықтан шығудың нақты шешімін ұсынамыз, – деді Н.Оразханов
Халық партиясы тұрғын үй құқығы – әрбір азамтаттың ажырамас құқығы деп санайды. Қазір негізінен ипотекалық бағдарламалар мемлекеттік қызметкерлерге ғана қолжетімді. Сондықтан қалған қазақстандықтар үшін не істеу керек және қайда тұру керек? Бұл сұраққа ҚХП жауабы бар.
Жиын соңында партия өкілі аталған компания ұжымын Халық партиясын қолдап, дауыс беруге шақырды.