ҚХП депутаты инклюзивті театр әртістерінің мәселесін көтерді

dep.jpg

Креативті индустрия туралы заң жобасын талқылау кезінде ҚХП депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан мүгедектігі бар азаматтар еңбек ететін шығармашылық ұжымдардың тиісті қолдауға ие болмай отырғанын айтты.

Депутат-омбудсмен құжатқа «әлеуметтік креатив» ұғымын енгізуді ұсынды. Ол бұл ретте инклюзивті театрлардың актерлерін мысалға келтірді.

– Мұндай театрлардың әртістері – мүмкіндігі шектеулі жандар. Бірақ, өкінішке қарай, дәл осы азаматтарға қолдау көрсетілмейді, тіпті, республикалық деңгейде де жағдай сондай, – деді Кенжеғұл Сейтжан.

Өз кезегінде ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов заң жобасында креативті индустрияда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған бірнеше жаңа норма қарастырылғанын айтты. Онда осы салаға жауапты уәкілетті органдардың құзыреттері мен қолдау тетіктері нақтыланады.

– Мүгедектігі бар адамдардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау қажет. Сондай-ақ инклюзивті театрлардың дамуы үшін біз оларды өңірлік креативті хабтар арқылы қолдаймыз. Бұл олардың шығармашылық әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

Евгений Кочетов аталған нормалар заң жобасының екінші оқылымына дейін пысықталатынын атап өтті.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy